Өскеменде құрбандықты «Шығыс» ауылында шалуға болады

Dalanews 27 июн. 2023 04:47 985

Барша мұсылмандардың Ұлық мерекесі – Құрбан айт биыл 28-30 маусым аралығында өтеді. Қазақстан Республикасының Заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс.

Құрбан айт мерекесі айт намазының оқылуымен басталады. Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық мешіттерде айт намазы 28 маусым күні таңғы сағат 7.00-де оқылады.

28 маусым сағат 07.30-дан бастап Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің алдында мерекелік рухани-мәдени бағдарламасы жүріледі, мәдени-спорттық бәсекелер ұйымдастырылады.

Өскемен қалалық әкімдіктің келісімімен "Шығыс" ауылында құрбан шалу орны ашылды. Құрбандықты 28 маусым сағат 07.30-дан бастап шалуға болады. Мал соятын қасапшылар  «Халифа Алтай» мешітіндегі оқыту орталығында арнайы қасапшыларды оқыту курсынан өткен және арнайы желеткамен қамтамасыз етілген.

Құрбандықтың еттері тұрмысы төмен отбасыларға, әлеуметтік орталықтарға 28, 29, 30 маусым күндері «Халифа Алтай» мешітінде үйлестіріледі. Бұл жұмыстар үшін де «Халифа Алтай» мешітінің оқыту орталығында құрбан айтта қызмет көрсететін еріктілерді арнайы оқытты.


Сонымен қатар, мал сататын азаматтармен бағаны реттеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Айта кету керек, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Қасболатұлы барша шығысқазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтайды.

– Бүгінде әлем мұсылмандары үлкен қажылық жасауда. Солардың қатарында Мекке қаласында қажылық парызын өтеп жүрген шығысқазақстандық жерлестерімізбен барлық отандасымыздың ниеті мен дұғасы қабыл болып, елімізге аман-есен оралуын тілейміз. Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін беріп, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, ізгі амалдарымызды қабыл еткей. Айттан айтқа аман-есен жете берейік. Әмин, – деді бас имам.


Сонымен қатар, ол облысымыздағы барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұрт күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырды.

«Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік. Алла Тағала ізгі ниетімізді қабыл етсін!», - деді Ермек қажы Қасболатұлы.

 

Рекомендовать
Последние новости