Ортеке – қуыршақ өнерінің бастауы

Dalanews 20 апр. 2016 08:49 3716

Биік тау, құзар шыңдарда жүретін «Ортеке» атты таудың еркін тағысы бар. Ол жануар Қазақстанның Тянь-Шань, Жетісу Алатауы мен Оңтүстік Алтай тауларын мекендейді. Қазақ халқы ортекені «таутеке» деп те атайды. Тұрқы төрт түліктің бірі – ешкіге ұқсас болғанмен, ерекшелігі көп. Мүйіздері семсер тәрізді сәнді де, өткір және жауынан қорғанатын қаруы. Тұяқтары құз- қиядан таймайтындықтан, құз басында еркін жайлып жүреді. Осындай ерекшелігіне қарай «Ортеке» қазақ мәдени тұрмысындағы саз аспаптарында ойнатылатын, қуыршақ өнерінің бір үлгісіне айналды. «Қуыршақ ортеке» ‒ көбіне ағаштан жасалатын ойыншық бұйым.

Ғалым Әлкей Марғұлан «Ағаштан бұйым жасау Қазақстанның орман массивтері бар Орталық Қазақстан, Алатау, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аймақтарында кеңінен таралған. Әсіресе, солтүстік аймақтарда қызыл қайың, қызыл қандыағаш, үйеңкі, жаңғақ ағашы, шаған, емен сияқты ағаштарды пайдаланған. Бұлар оңай кесіліп, боялады. Шеберге қиыншылық тудырмайды», ‒ деп жазған.

Ағаштан түйін түйген шеберлер «Ортеке қуыршағын» құрастырып, ойын-сауықтарда, жиындарда домбыра әуеніне, саусақтардың перне басу қозғалысы мен ырғағына қарай билеткен.

«Ортеке» арнайы жасалған тұғырға орнатылады да, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, перне басқан саусақтардың қозғалысымен қуыршақ әсем биге баса жөнеледі.

Қазақтың ұлттық қуыршақ өнеріндегі «Ортекенің» нақты қай уақытта, қай заманда пайда болғаны белгісіз. Қазіргі кезде «ортеке» жасаумен айналысатын шебер Жолаушы Тұрдығұлов:

«Әкеміздің інісі Сібірге итжеккенге айдалған екен. Сонда жүріп ағаштан ортеке мен билеп жүрген аюды жасаған. Ел-жұртын сағынғанда ортекені билетіп, ән айтады екен», ‒ деді. Сондай-ақ, шебердің айтуынша, «Ортеке» билету, жасау өнері XIX ғасырдың басында қазақ даласында кеңінен таралған сияқты.

Табиғатпен сырлас өскен қазақ халқы жаратылыстың өсіп-өнуін, түрленуін, өзгеруін, қимыл-қозғалысын жіті бақылап, оларды ән мен жырға, ертегі мен аңызға арқау етті. Күйші Абдулхамит Райымбергенов: «Қазақтың «Жезкиік», «Аңшының зары» атты күйлерінің туу тарихы аңыздан бастау алады. Екі күйде де аңшылықты кәсіп еткен мергендер жайлы айтылады. Тойымсыздық бойын билеген аңшыларды ақыр соңында аңның киесі ұрады делінеді. Аңыздың астарына үңілсек халықтық наным-сенімге жақындайды. Осы сияқты «ортекенің» шығу тарихы да халықымыздың наным-сеніміне қатысы болуы мүмкін», ‒ деген болжамдар айтады.

«Ортекенің» тарихы туралы нақты ғылыми деректер кездесе қоймағанымен бүкіл түркі халықтарына тән. Мәселен, туысқан қырғыздарда ортеке «тақ-теке» деген атпен кең тараған.

Бір қызығы, «Ортекені» тек домбырада ғана емес, ішекті аспаптардың бәрінде ойнатуға болады. «Ортеке ‒ қазақтың көне қуыршақ театры. Ерте заманда балаларға домбыра үйретуде оларды қызықтыру үшін «Ортеке қуыршағы» қолданылған. Қазір күнде де ортекеге деген қызғушылық жоғары. Әуелде ортекені домбырада ойнатқан, ал кейінен жетігенге қосып билеткен. Ортекені бүгінгі қоғам ыстық ықыласпен қабылдап жатыр. Тек дәріптеу керек», ‒ дейді жетіген аспабында ойнайтын студент Әйкерім Елемесова. Сондай-ақ, ол ортеке жасау мен ойнатуға арналған фестивальдардың да өткізіліп тұратынын айтты.

Ортеке әртүрлі көлемде жасала береді. Шебердің ой-қиялына байланысты түрлі атаулар қойылып, аспапта ойнатылады. Күйші Абдулхамит Райымбергенов: «Бұрын мезетте үш ортекені ‒ «ата ортеке», «әке ортеке», «бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады», ‒ дейді. Ал атақты күйші, домбырашы Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқанда, сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан екен.

Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ортеке ойнатудың өзіндік техникасы бар. Ортекенің бірнешеуін ойнатқанда олар бір-біріне кедергі келтірмей, бір-біріне ұқсамайтын «би» қимылдарын жасауы керек. Бұл құрастырушының логикасына тікелей байланысты болып келетін ереже.

Ортеке қойылатын тұғыр ағаштан құрастырылады. Беткі жағына түрлі ою-өрнектер ойылады. Әшекейленген тұғыр ішіне ортасынан темір сым өткізілген таяқша қойылады. Темір сымның екі шеті иіліп, біріне қуыршақ бекітіліп, біріне домбырашының саусақтарына ілінетін жіп жалғанады. Тұғырды тесіп, жіп сыртына шығарылады. Жіпті тартқан кезде темір сым қозғалып, ортеке қуыршағы билей бастайды. Ортеке қуыршағы тепе- теңдігін сақтау үшін, бауырынан ілінген сым темір қуыршақ жан-жаққа ауытқымайтындай өлшемде қақ ортасына орналасуы керек.

Қуыршақты құрастыру жағына келетін болсақ, оның кеудесі мен басын бір бөлек, сирақтарын бір бөлек ағаштан қиып алады. Материалдың мейлінше қатты, жеңіл әрі иілгіш болғаны дұрыс. Оны жасауға қайың, терек, шетен, жеміс ағаштарын қолдануға болады. Түрлі-түсті бояулармен бояп, сәндеп, көрермен алдына алып шығады. Ортеке үлкен сахналарға арналмағандықтан, көбіне шағын көрермен аудиториясына ұсынылатын қызықты сауықтың түріне айналған. Ортеке ойыны сирек орындалатын жанрлық қойылым болып саналады. Оны алғаш рет «Мұрагер» республикалық фольклор сазды ансамблі 1984 жылдан бастап ел арасында насихаттай бастады. Қазіргі күні ұлттық музыканы дәріптеп жүрген «Тұран» ансамблі 2010 жылдан бастап ортекені сахнаға алып шығып, билетіп жүр. Сондай-ақ, ансамбль ортекені Венгрия, Қытай, АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдеріне таныстырып келді. «Шетелдік көрермендердің ортекеге қызығушылығы басым, жұмбағын шешкісі кеп, сұрақтар қояды. Ал жас балалар ортеке биінің қызығына батып, мәз болады », ‒ дейді ансамблдің мүшесі Абзал Арықбаев.

Елімізде 2007 жылдан бастап қуыршақ тетрлары аясында Халықаралық фестивальдар ұйымдастырылып келеді. Атап айтсақ, алғашқы «Ортеке» Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі Ақтау қаласында өтті. 2010-12 жылдары Алматыда (Ұлттық қуыршақ өнерінің Халықаралық фестивалі), 2013 жылы Астанада, 2015 жылы Қостанайда ұйымдастырылды.

«Ортеке ‒ қазақ қуыршақ өнерінің бастауы», – деген белгілі ғалым Ахмет Жұбанов. Ерте кезден қалыптасқан мәдениет бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Алайда ортеке билету өнерін үйрету мен оны жетілдіруді музыка зерттеушілері, қолөнершілер мен қуыршақ театрының мамандары шындап қолға алса. Сонда ғана, қазақ қуыршақ өнері алдағы замандарда да жұртты қуанышқа бөлей беретіні сөзсіз.

Айжан ТЕМІРХАНҚЫЗЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің ІІІ курс студенті.

 

Дереккөзі: turkystan.kz

Рекомендовать
Последние новости