Орысша уағыз оқитын имамдар даярланып жатыр

Dalanews 28 февр. 2017 08:41 1018

Көпшіліктің сұрауымен кейбір мешіттерде қазір уағыз орысша оқылады не болмаса қазақ тіліндегі уағыздан кейін орысша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, "Нұр Астана" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, "Нұр-Мүбәрәк" университеті мен бірнеше медреседе орыс топтары ашылып, мамандар дайындалып жатыр.

Өткен жылы имамдардың уағызын толық түсінбейтін дiндарлар бар болғандықтан, көпұлтты елдi-мекендердегi жекелеген мешiттерде қазақша уағыздан кейін қосымша орыс тілінде түсiнiктеме беру ұсынылған еді. Өйткені қазақша уағызды түсiнбеген азаматтар ислам туралы ақпаратты ресми емес дереккөздерден, оның ішінде теріс діни ағым ұстанушыларынан алуға мәжбүр.
 "Халықтан түрлі сұраныс бар. Елімізде 70 пайыздан көп мұсылмандар тұрады. Оның ішінде, әрине, қазақ тілділер көп. Бірақ мұсылман дінін ұстанатын орыс тілді жамағат та бар. Солардың өтініші бойынша елімізде орыс тілді жамағат көп шоғырланған жерде орыс тілінде де уағыз жүргізіліп жатыр. Бұл сұранысқа байланысты, мысалы жұма уағызы толықтай орыс тілінде жүргізілмейді. Өйткені қазақ тілді жамағат оған ренжиді. Ал біз орысшаны қосып, бүгінгі уағызды түсіндіріп кетеміз.



Бір мешітте "Қазақша түсінбейміз, орысша түсіндіріп берсеңіздер" деп жамағат сұраса, біз сол жамағаттың сұранысын қанағаттандырамыз. Негізі, мешітке келетін жамағат қазақ тілді ғой",

 — дейді Наурызбай қажы.

Бұдан бөлек, мешіттерде орыс тілінде арнайы сабақтар да жүргізіледі. Бұл ретте уағызды түсіндіретін және сабақтарды орысша жүргізетін мамандар керек қой. Сондықтан "Нұр-Мүбәрәк" университеті мен бірнеше медреседе орыс топтары ашылып, арнайы мамандар даярланып жатыр.

Дереккөз: nur.kz


Рекомендовать
Последние новости