ОҚО Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырды

Dalanews 02 сент. 2017 15:58 953

Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы күндері аясында «ЭКСПО-2017» халықаралық  көрмесіне  арналған  ауылшаруашылығы  өнімдерінің  жәрмеңкесі басталды. Екі күнге жоспарланған шарада оңтүстікқазақстандық тауар өндірушілер  жалпы құны 265 млн теңге болатын өнім өткізбек. Оның ішінде ет және ет өнімдері 104 тонна, көкөніс 188 тонна, сүт өнімдері 54 тоннаны құрайды. ЭКСПО қонақтары дәмі тіл үйірер Шардараның қауын-қарбызы, Түлкібастың алмасы мен Сарыағаштың қызанағынан дәм татса, ал жәрмеңкеге барған шаруалар өнімдерін сатып қана қоймай, халықаралық шараны тамашалауға мүмкіндік алып отыр.



«Бүгінгі шараға оңтүстік шаруалары ерекше дайындықпен келді. Мұндағы бағалар базардағыдан 20-25 пайызға арзан босатылуда. Келушілердің басым көпшілігі ет және сүт өнімдеріне қызығушылық танытуда. Жәрмеңкенің ең басты ерекшелігі ретінде мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің табиғи тазалығын айтсақ болады», - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов.

Бұл Оңтүстік шаруаларының ЭКСПО аясындағы 5-ші жәрмеңкесі.   Негізгі тәртіпке сай отандық өнімдер қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке түрінде ұсынылуда. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы ЭКСПО көрмесі аясында 6 рет жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарласа, осы аралықта Елордаға 12976 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалданбақ.



Биыл облысымызда егіс көлемі 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарды құрады. Табиғаттың қолайлығына байланысты биыл өңір шаруалары мол өнім алуда. Мәселен, бүгінгі күнге облыс бойынша 762 мың тонна көкөніс, 1 млн тоннадан астам бақша дақылдары мен 208 мың тонна картоп жиналды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Рекомендовать
Последние новости