Оңтүстік Кореяның президент әкімшілігі отставкаға кетті

Қаракөз Амантай 04 дек. 2024 10:31 600

Оңтүстік Кореяда президент Юн Сок Ёльдің көмекшілері жаппай отставкаға кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Yonhap News мәліметінше, отставкаға кеткендер қатарында президент әкімшілігінің басшысы Чон Джин Сок, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Син Вон Сик, саясат мәселелері жөніндегі әкімшілік басшысы Сон Тэ Юн және тағы жеті аға көмекші бар.

Бұл Юн Сок Ёльдің әскери төтенше жағдайға байланысты шешімінен кейін қабылданды. Президент ол кезде оппозицияны “мемлекетке қарсы күштер” деп айыптап, оларды импичмент ұсыныстары мен қысқартылған бюджет арқылы ел қызметін тоқтатуға тырысуда деп сынаған еді.

Айта кетейік, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёл 3 желтоқсан күні кешке елде төтенше жағдай жариялаған болатын. 

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл шешім елдің конституциялық құрылымын қорғау үшін маңызды.

“Әскери жағдай Солтүстік Кореяны жақтайтын күштерді жоюға және конституциялық құрылысты қорғауға ықпал етеді”, – деді Президент.

Юн Сок Ёлдің сөзінше, оппозиция мемлекеттік қайраткерлерге импичмент жариялауға тырысып жатыр.

“Бұл – еркін Корея Республикасының конституциялық құрылысын бұзатын және Конституция мен заңдармен бекітілген заңды мемлекеттік институттарды жойып, азаматтық соғысты тудыруға тырысатын айқын мемлекетке қарсы әрекет”, – деді Юн Сок Ёл.

Осыған байланысты Кореядағы Қазақстан елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз. 

Қазақстан Республикасының азаматтары үшін төтенше жағдай туындаған жағдайда, жедел байланыс үшін +8210-6572-9311телефоны арқылы елшілікке хабарласуларыңызды сұраймыз!, - делінген елшілік таратқан хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости