Оңтүстік Кореяның экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілуі мүмкін

Қаракөз Амантай 10 дек. 2024 14:53 1030

Оңтүстік Корея прокуратурасы өткен аптада елде әскери жағдай енгізген президент Юн Сок Ёльмен астыртын сөз байласты деп айыпталған бұрынғы қорғаныс министрін ресми түрде жазалау үшін ордер сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жергілікті Yonhap ақпарат агенттігінің мәліметінше, экс-шенеунік бүлік жасады деген күдікке ілінген.

Соңғы 40 жылда алғаш рет енгізілген әскери жағдай небәрі алты сағатқа созылса да, ел ішінде үлкен наразылық туындап, жаппай шерулер ұйымдастырылды. Юн мен оның жақтастары қылмыстық тергеуге алынып, импичментке ұшырамақ. Әділет министрлігі Юн мен тағы сегіз адамды негізгі күдіктілер деп танып, елден шығуларына тыйым салды.

Сеулдің орталық округтік соты бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хёнды қамауға алу туралы прокурорлардың өтінішін қарап жатқанын хабарлады. Ким Юнға әскери жағдай енгізуді ұсынды және Ұлттық ассамблея депутаттарының дауыс беруіне кедергі келтіру үшін әскер жіберді деп айыпталып отыр.

Экс-шенкунік ел ішінде туындаған дүрбелең үшін халықтан кешірім сұрап, отставкаға кету туралы шешім қабылдаған болатын. 

Ұлттық қорғаныс министрі ретінде толық жауапкершілікті өз мойныма алдым", - деді ол.

Ал 8 желтоқсанда Ким Сеулдегі тергеу изоляторына қамауға алынды. Сот ордер берген жағдайда, ол бұл істе жазаға тартылатын алғашқы адам болмақ. Прокурорлар Кимді 20 күн ішінде тергеп, істің мән-жайын саралауы керек. Егер бүлік жасады деген айып дәлелденсе, Ким өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Прокуратура Кимді бүлікке қатысудың басты ұйымдастырушысы және Конституцияны бұзу мақсатында әскер мен полицияны пайдаланып бүлік ұйымдастырды деп айыптауда. Сондай-ақ ол билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Сеул прокуратурасы бұл айыптарға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель елде әскери жағдай енгізді.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізуге қарсы дауыс берді.

Осылайша әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен және полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді.

Араға ұзақ уақыт салмай ел президенті әскери жағдай енгізгені үшін халықтан кешірім сұрады. Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.

Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.

"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.

Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі қазақстандықтарға үндеу жасады.

"Корея Республикасы президенті Юн Сок Ель әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарын сабыр сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз", — деп жазылған хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости