Өнегелі отбасы – қоғам байлығы

Dalanews 11 сент. 2018 14:46 3711

Жыл сайын елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні мерекесі тойланады. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол.

Аталмыш мерекенің маңыздылығын ескере отбасы құндылықтарын насихаттап, ата-ана мен бала арасында ізгі қарым-қатынастың орнауына ықпал ету мақсатында С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жыл сайынғы дәстүр бойынша «Өнегелі отбасы – қоғам байлығы» атты кездесу кеші өткізілді. Кешке зейнеткер Жақсылық Істілеуов пен жұбайы кітапхана саласының ардагері – Айсара Айтуғанова, сондай-ақ өңіріміздегі өмір мен өнер әлемінде қатар жүрген Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі, актер Сержан Аманқұлов жұбайы актрисасы – Майгүл Мұзбаева қатысты.

«Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-ананың бір біріне қарым қатынасы, жүріс тұрысы, сөйлеу мәдениеті барлық іс-қимылдары баланың бойына тәрбие болып қалыптасады. «Күн сайын ертеден кешке дейін, отбасында ата-ана, ағайындары тарапынан бала алдында мінез-құлықтың сан алуан үлгілері өтіп жатады. Осының барлығын жас бала бойына сіңіріп өседі. Ал  баланың қоғамға, айналасындағыларға қарым-қатынасының қалыптасуы, туған-туыстарына деген қатынасынан байқалады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабамыздан қалған асыл сөз текке айтылмаған.

Бала тәрбиесі-ортақ іс. Сондықтан кітапханада өткен шара барысында қонақтаржастармен ой бөлісіп, өнегелі әңгімелер айтты. Жастар жағы отбасындағы атмосфераның бала тәрбиесіне әсері қандай? Қазіргі заман талабына сай баланың тәрбиелеу, ажырасудың балаға тиетін зардабы сынды маңызды тақырыптар жан-жақты талқыланды.

Кітапхана директорының орынбасары Үржан Кудасова келген қонақтарға, өскелең ұрпаққа айтқан дана сөздерімен, өмірлік іс-тәжірибелерімен бөліскені үшін алғысын білдіріп, естелікке сый-сияпат берді.

 

Алтынгүл  Ермекбаева, С.Жиенбаев атындағы облыстық  жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

 

Рекомендовать
Последние новости