Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Осылайша қос сайыс нәтижесінде 294 (131+163) келіні бағындырды.
61 келіге дейінгі салмақтағы бәсекеде алтын жүлде қытайлық Фабин Лиге (313 келі: 141+172) бұйырса, күміс Индонезия спортшысы Джули Ираван (302 келі: 137+165) қанжығасында кетті.
Қытайлық зілтемірші серпе көтеруде 172 салмақты еңсеріп Олимпиада рекордын орнатты.
Игорь Сон сынға түскен салмақта кіл үздіктер бақ сынасты: Джули Ираван (Индонезия), Абдурахим Алсалим (Сауд Арабиясы), Ким Туан Тач (Вьетнам), Шота Мишвелидзе (Грузия), Еичи Итоказу (Жапония), Фабин Ли (Қытай), Чан-Хун Као (Тайбэй), Давиде Рую (Италия). Бәрі де жүлдеден үмітті болды.
Бұл Қазақстан командасы сапындағы екінші жүлде. Бұған дейін дзюдодан Елдос Сметов қола жүлдегер атанған болатын.