"Ол Рейхстагқа ту тікті". Кремль Қошқарбаевтың ерлігін мойындады

Dalanews 05 мая 2021 11:03 1698

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі  Instagram парақшасында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен - Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов туралы жазба жариялады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Рейхстагқа бірінші болып кірген жауынгерлердің арасында жиырма жасар лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19-ға енді толған Григорий Болатов болды. Сарбаздар қызыл жалауды өздерімен бірге ала кірген еді. 150-ші дивизияның журналындағы жазбада сағат түскі екі жарымға таман Қошқарбаев пен Болатов ғимараттың орталық жағына өтіп, кіреберіс жерге жеңіс туын орнатқаны айтылған. 

Бұл Рейхстагта ең алғаш желбіреген қызыл жалаудың бірі-тұғын. Ғимараттың тұмсығындағы қызыл ту жауынгерлерге ерекше рух берді. 30 сәуір кешке таман 674-ші және 756-шы полктің күштері қорғаныстағы Гитлер әскерінің күл-паршасын шығарып, ішке енді”, – депті Ресей Сыртқы істер министрлігі. 

...

Мұны министрліктің ресми көзқарасы деп қабылдауға болатындай. Ресми парақшада жарық көретін контент әдетте қатаң сүзгіден өтетіні белгілі. 



Ең қызығы Мәскеу күні бүгінге дейін Қошқарбаевтың ерлігін мойындаудан бас тартып келді. Ресей шенеуніктері Рейхстагқа ту тіккен қазақты қалқада қалдырып, бұл тақырыпты қозғаудан жалтарып жүретін-ді.

Ресейден таралатын “Новая газетінің” хабарлауынша Қошқарбаевтың ерлігін лайықты бағалаған ресми биліктің өкілдері бірен-саран ғана. 

Кремль идеологтары бұл екеуіне батыр деген атақты көпсініп, ерлігін ескерусіз қалдырғанды жөн көрген.  

...

Қазір Путиннің пәрменімен берілетін Қорғаныс министрлігінің мемнаградасынан Қошқарбаевтың қасындағы Болатов құралақан қалған.

 “Бұл қалай?” деп шамырқанған қауымға комиссия мүшелері: “Болатов? Оған Кеңес Одағының батыры атағын беру артық”, – деп шорт кескен. Болатовқа батыр атағын беруді сұрап, Путинге дейін шағымданған Ресей тарихшылары Рейхстагқа ту тіккен қазақты ұмыт қалдырса керек. Ол туралы жұмған аузын ашпапты. 

Болатовтың өзі көзі тірісінде батыр атағы бұйырмай, тасада қалғанына қатты налыған. 

Соғыстан кейін Қошқарбаевқа жолдаған хатында: 

“Мұның бәрі қалай жалған болуы мүмкін? Бізге қарата “Рейхстагқа ту тігіп, тірі қалсаңдар омырауларың орденге толады” деген Зинченко мен өзге офицерлердің айтқаны өтірік болғаны ма? Өлімге бас тігіп, оқ пен оттың ортасынан оралғанымыздың өтеуі осы ма?!” , – дейді қынжылысын жасыра алмай.  


...

Айтқандай Болатов пен Қошқарбаевқа берілген “Қызыл жұлдыз” орденінде бір шикілік бар сынды. Ресей Қорғаныс министрілігі жанындағы соғыс жылдарын зерделейтін мекеме мәліметінше “Қызыл жұлдыз” Болатовқа Рейхстагқа ту тіккені үшін емес, соғыстағы сарбаздық міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін беріліпті. Дәл осындай атақ Қошқарбаевқа да “бұйырған” болатын.  

Соғыстан кейін КСРО пропагандасы Болатовқа қара күйе жағып, батырдың атын жаманатты қылады. Орыс қоғамы Рейхстагты бағындырған жауынгерді кеудесінен кері итереді. Батыр табалау мен қаралауға ұшырайды. Кім көрінгеннің мазағы мен әжуасына қалады.

Болатов ақыр соңы өз-өзіне қол салып өлді. 

Ал Қошқарбаевтың ерлігі Қазақстан тәуелсіз алғанда ғана елеп ескерілді.  2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ол тұста өмірден өтіп кеткен батырға “Халық қаһарманы” атағын берді. Қазақстанда Қошқарбаетың атымен аталатын ауылдар мен көше атаулары көп. 

“Ал 19 жасар Болатов көзден де, көңілден ғайып болды. Жеті сағат бойы жер бауырлап Рейхстагқа жеткен батырдың ерлігі туралы еш жерде айтылмайды. Тіпті тарих пәнінде жоқ. Бұған қалай налымайсың?!”, – дейді ресейлік тарихшылар.

Ресей басылымдары да бірауыздан осы ойды қоштап отыр. Тек Қошқарбаевты тілге тиек еткенді жөн көрмепті.

Егер әлемжелідегі жазба Мәскеудің тарапынан ресми расталса (немесе мойындалса), Қошқарбаевтың аты Болатовпен қатар аталатыны айдан анық. Бірақ бұған Кремль идеологтары жол бере ме қояр ма? 


Рейгхстагқа ту тіккен қазақтың Ресей оқулығына енуі, осы күнге дейін жеңісті орыстың атымен байланыстырып келген Путиннің пропагандасына қайшы келмес пе екен?..

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 

Рекомендовать
Последние новости