Ол кезде біз марапат туралы ойламадық

Жарбол Кентұлы 21 июн. 2024 15:01 4393

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. “Ақорда" резиденциясында өткен салтанатты рәсімге шақырылған қарапайым қаһармандармен тілшіміз сұқбаттасқан еді.

Табиғи апатпен күреске бүкіл халық атсалысты, бұл істе әр адамның іс-әрекеті маңызды болды. Сол күндерге ойша оралсақ...


Әлия Сиғуатқызы Досмұханова, «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігінің іс жүргізушісі:
Ол кезде біз марапат туралы ойлаған жоқпыз ғой. Ел басына күн туды, табиғат тосын мінез көрсетті. «Ресейден су келе жатыр» деген хабар тарады. Әлеуметтік желілерді ашуға, теледидарды қосуға қорқып қалдық. Қай жерді ашып қарасаң да, «Атырауды су басады» деген дақпырт әңгіме жүрді. Халық қатты үрейленді, жасыратыны жоқ, тұрғындардың тең жартысы қаладан қашып кетті.

Біз «көппен көрген ұлы той, не болса да елмен бірге көреміз» деп қала бердік. Мен негізі «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігінде іс жүргізуші боп жұмыс істеймін. Әуелден өзім белсенді адам едім, мынандай хабарды естігенде отыра алмадым. Күндіз жұмыста болып, кешке жағада бөгет салып жатқандарға барып жүрдім. Мұны көрген бастығым Майра Өтеғалиева және Майра Айдарова, Марат Үмбеталиев деген әріптестерім: «Сен елдің адамысың ғой, көмектескің келетінін біліп жүрміз, бүйтіп шаршап жұмысқа келмей-ақ қой, сол жақта болып, қолғабыс ете ғой» деп жіберді. Сол кісілер рұқсат бергеннен кейін бірден жұмысқа бармастан жағалауда жүрдім. Күрек ұстау қолымнан келмейді, себебі мен оң қолымның жоқ болуына байланысты екінші топ мүгедегімін. Жігіттерге қаптың аузын ашып тұруға, құм толтырылған қаптардың аузын бууға көмектестім. Сөйтіп жүргенде шатыр тігіліп, ішіне үйден ыдыс-аяқ тасыдық. Өзара ақша жинап, азық-түлік алып, тамақ пісірдік. Бастапқыда жаға басында ер-азаматтар бар, әйелдер бар мыңдаған адам жүрді. Осылай мен секілді жұмыстан сұранып келгені бар, демалыста жатқаны бар әйтеуір тайлы-тұяғымызбен сонда болдық. Солар аш қалмасын, жұмыс істеп жатқан азаматтар әлсіремесін деп әйел адамдар бригада құрып, шатырдың қасына қазандар алдырып, тамақ пісіріп кеттік. Күніне 5-6 қазан тамақ пісіріп жүрген кезіміз болды. Қазір бәрі көрген түстей боп қалды ғой. Бәрі бақытымызға орай жақсы аяқталып, ауызбіршілігіміздің, аянбай тер төккеніміздің арқасында су тасқынынан аман қалдық. Бәрі аяқталғаннан кейін бағалап, Президентіміз Ақордаға шақыртып, кеудемізге «Құрмет» орденін таққанда, әрине, қатты қуандық. Бұл да бір ерекше сезім екен. Бірақ, ел үшін еткен еңбек сатусыз ғой. Ол кезде біз марапатты ойламадық.


Асыланбек Мұқтарұлы Ақылбеков, қол күрестен ҚР спорт шебері:
Атырау облысы, Махамбет ауданында су келеді дегенді естіген сәттен, яғни 3 сәуірден бастап бөгет салу жұмыстарын бастадық. Қолымызға күрек ұстап, жастарды қапшық қаптауға шақырып, арнайы техникаларды негізгі орындарға бағыттап, жұмысты ұйымдастырдық. Солайша, 14 шақырымдық бөгет жұмысын бітірдік. Бөгетті бітіргеннен кейін ірі көлемде су келді. 24 сағат бойы кезекшілікке шығып, күні-түні бақылап отырдық. Қазіргі уақытта су кетіп, өзен өз арнасына түсіп жатыр. Былай қарағанда, қарайған үйді апаттан аман алып қалдық қой. Еріктілер осылай бас көтермегенде, ол үйлерді су басар ма еді? Халыққа, мемлекетке миллиардтаған шығын келер еді. Сол еңбегіміз ескерілді деп ойлаймын.


Олжас Абзалұлы Сұлтанов, «CHI» ЖШС бизнесті дамыту директоры:
Сол күндерге ойша оралатын болсақ, жағдай өте қиын болды. Не істерімізді білмедік. «Су келе жатыр» деген ақпарат жеткенде қолымызда дайын жоспар болған жоқ. Ол жоспар әкімшілік тарапынан сол кезде жасалды. 1993-94 жылдары қай жерде қандай жағдайлар болғаны анықталды, карталар тексерілді, үлкендермен сөйлестік. Солайша үлкен бір жоспар құрылды. Ал енді сол жоспардың ішінде адам күші өте маңызды болды. Атырауымыз ең үлкен ауызбіршілік үлгісін көрсетті. Халық, әкімдік, басқа да мемлекеттік органдар болып тізе қосып, жоспарды іске асырдық. Жігіттер күрек ұстап, қапшық тасыса, әйел адамдар тамақ пісіріп, барлығы қолынан келген іс-әрекетті жасады.

Шынымды айтсам, халықты жинау қиын болған жоқ. Мысалы, мен «Авангард» мөлтек ауданында тұрған едім, бір күннің ішінде мыңға жуық жігіт жиналып, қапшыққа құм толтырып жағаны және аурухананың айналасын жаптық. Бір қоңырау, әлеуметтік желідегі бір посттан кейін-ақ адамдардың барлығы жиналып, атсалысты. Өте керемет болды! Егер адамдар жиналмағанда, бұл оқиғаның соңы қайғылы аяқталар ма еді. Қаламызды сақтай алмай қалар ма едік? Тұрғындардың үлкен үлесі болды.

«Ақордада» су тасқынымен күрескен қаһармандар жүздесті. Олар бір-біріне не айтты?


Әлия Сиғуатқызы Досмұханова, «Құрмет» орденінің иегері:
Салтанатты марапаттаудан кейін шағын фуршет болды. Бір-бірімізді алған төсбелгімізбен емес, су тасқынынан аман қалуымызбен құттықтадық. Сол кезде Halyk қайырымдылық қорының құрылтайшысы Тимур Құлыбаевты көріп, оған қасіретке бей-жай қарамай, халыққа қаржылай көмектескені үшін жеке өз атымнан алғыс білдірдім.


Асыланбек Мұқтарұлы Ақылбеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
Атырау еріктілерінен бұл салтанатты жиынға екі адам қатысты. Марапатымызбен бір-бірімізді құттықтап, қуанып, еңбегіміздің бағаланғаны үшін Президентімізге алғысымызды білдірдік. Қаржылай көмек көрсеткен бизнес өкілдеріне де үлкен рақметімізді айтамыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде ел үшін, жер үшін аянбай еңбек еткен әрбір адам марапатқа лайық.


Олжас Абзалұлы Сұлтанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
Ақордада бас қосқанда бәріміз өзара келісіп, Атырау облысына, жалпы су тасқынына қарсы күресте көмек көрсеткен меценаттарға бірауыздан рақмет айттық. Қолдау көрсеткеннің қандай пайда алып келгеніне олар өздері де куә болды. Мұндай қиын-қыстау кезеңде меценаттар барынша көмек көрсетуі керек қой. Кімнің кім екені осы кезде білінді. Ақшасы бар бола тұра бермегендер де бар. Ешкімді мәжбүрлемейді ғой, бірақ осындай оқиға кезінде меценаттар қолынан келгенше іс-әрекет жасауы қажет деп ойлаймын.


Рекомендовать
Последние новости