Қоғам белсендісі Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желідегі жазбасында жалғызбасты ана екенін және қоғамдық жұмысты баласымен бірге атқарып жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нұрайым Шақимерген – әлеуметтік бастамаларға белсенді араласып, халықпен тікелей кездесулер өткізетін қоғам өкілі. Ол өңірлерге шығып, азаматтардың мәселесін тыңдап, қоғамдық қабылдаулар мен кездесулерге қатысып жүргені белгілі.
Өз жазбасында ол кейде баласын өзімен бірге алып жүруге мәжбүр болатынын айтты. Бұған баланы күтушінің ауырып қалуы және баласының бөгде адамдарға бейімделе алмауы себеп болған.
«Халықпен кездесу кейінге шегерілмеуі керек, себебі бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан кей сәттерде баламмен бірге елге қызмет етемін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Нұрайым Шақимерген жалғызбасты аналарды әлсіз деп қабылдау қате екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әйелдер көп жағдайда өз қиындықтарын сыртқа шығармай, жауапкершілікті толықтай өз мойнына алады.
