Министр: «Мәсімовтің інісі елде бой тасалап жүр»

Dalanews 23 апр. 2022 18:30 926

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Кәрім Мәсімовтің іздеуде жүрген інісіне қатысты тың дерекпен бөлісті. Оның сөзінше, Нұрлан Мәсімов шетелге қашып үлгермеген. Ол елімізде бой тасалап жүр, деп хабарлайды Экспресс К.

Telegram-дағы Тиек арнасы жариялаған бейнесұхбатта Марат Ахметжанов Мәсімовке қатысты барлық сұраққа жауап берді. Министр "Нұрлан Мәсімовті танитын ба едіңіз?" дегенде оны білетінін жасырған жоқ.

– Әрине танимын. Мен осы салада 30 жылдан жұмыс істеп жатырмын ғой. Прокуратура, сыбайлас жемқорлық саласында еңбек еттім. Нұрлан Мәсімовті департамент басшысы ретінде танитынмын. Қандай кісі екенін білмеймін. Жалпы департамент басшысы ретінде таныспын, – деді Марат Ахметжанов.

Министр Мәсімовтің інісіне қатысты тергеу амалдары бойынша жасыратын ештеңесі жоқ екенін жеткізді.

– Қазір бұл істі бірігіп жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде ішкі қауіпсіздіктің қызметкерлері мен тергеу саласының мамандары бірігіп тергеп жатыр. Осы қылмыстық іс бойынша Павлодар облыстық ПД басшысының орынбасары ұсталған. Ол тергеу барысында бюджеттің қаржысын жымқырған деген күдікке ілінді. Осы тұрғыдан алғанда департаменттің бұрынғы басшысына да біраз сұрақтар бар, – деді Марат Ахметжанов.

Іздеуде жүрген Нұрлан Мәсімов шетелге шығып үлгермеген. Алайда оның нақты қай жерде екені белгісіз.

– Қайда жүргені белгілі болса ұсталады ғой. Қазір осыған байланысты іздеу амалдары жүріп жатыр. Ол Қазақстаннан шыққан жоқ. Біздегі дерек бойынша шекарадан шықпаған. Оны жедел іздестіру шаралары көрсетеді, – деді министр.

Нұрлан Мәсімов қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай Павлодар облыстық ПД басшысы қызметінен босатылған. Кейін оны қылмыстық іске қатысы бар екені анықталып, іздеу жарияланды.

Есен ҮРКІМБАЙ

Рекомендовать
Последние новости