Мырзакент пен Атакент қатар дамиды

Dalanews 18 сент. 2018 16:08 853

Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан орталығы Мырзакент кенті мен Атакент кентіндегі өзекті мәселелермен танысу үшін тұрғындармен арнайы кездесті. Ең алдымен өңір басшысы Мырзакент кентінің мәселелі нысандарын аралап көріп, орталықтың тұрғындарымен жиын өткізді. 

Іріленген Мақтаарал ауданының тұсында орталықтан және тоғыз жолдың торабынан шет қалуы – Мырзакент кентінің дамуын тежеген. Бүгінгі таңда жаңа ауданның орталығы болған кентті дамытудың кешенді жоспары әзірлену үстінде. Жоспар бойынша Достық каналындағы үлкен көпір жөнделіп, каналдың жағалауы жаңа кейіпке енетін болады. Жаңақұрылыс аумағына қосымша трансформаторлар, электр желілерін  орнату және кент аумағындағы трансформаторлар мен электр желілерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Амангелді, Жамбыл, Т.Мадиходжаев көшелеріне таза ауыз су жүйелері жүргізіледі. Сонымен қатар, кенттің ішкі көшелерін асфальттеу, жарықтандыру жұмыстары бұрынғыға қарағанда 2 есе артатын болады. Бұл туралы Мырзакент кентінің тұрғындарымен болған кездесуінде аудан әкімі Б.Асанов мәлімдеді.

Кент аумағының орталығына кәріз жүйесін жүргізу де қарастырылуда. Сонжай-ақ, Бейбітшілік пен Яссаий көшелерінің бойына ағын су жеткізу үшін лоток орнатылатын болады. 14547 тұрғыны бар Мырзакентте көп қабатты үйлерді көптеп салу да кешенді жоспарға енген.

Қазіргі таңда кентте 1 кооператив, 11 ЖШС, 36 дүкен, 15 кафе, 4 тойхана, 2 базар ғана бар. Аудан орталығында кәсіпкерлікті дамыту үшін сыртқы және ішкі инвестицияны тарту көзделуде. Ол үшін аудан бойынша белді кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізетінін өңір басшысы атап өтті.

Мұнан соң аудан әкімі Б.Асанов тұрғындарының саны 20 мыңға таяп қалған Атакент кентінің мәселелелі нысандарымен танысты. Жаңадан асфальт төселген көшелерді аралап көріп, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерге барды. Сондай-ақ, атакенттіктермен де арнайы жиын өткізіп, тұрғындарды мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді.

Атакент кентіндегі ең өзекті деген ауыз су мәселелсін шешу үшін АПЗ және ЖСҚ құжаттары дайындалып, келесі жылы құрылысы басталғалы тұр. Бұған дейін кентте 3-4 көшеге ғана асфальт төселсе, келесі жылдан бастап 6-7 көшеге дейін асфальт төселетін болады. Сол сияқты ішкі көшелерге жарықшам орнату, аяқжол салу жұмыстары да 2 есе артады. Сондай-ақ, аудан әкімі тұрғындар саны күрт өсіп келе жатқан кентте 1200 орындық мектеп салу үшін жер қарастырылып жатқандығын жеткізді.

«Біз Мырзакент пен Атакентті қатар дамытатын боламыз. Ол үшін жоба-жоспарларымыз бар. Бір кездері атағы Мәскеуге жетіп, қаншама жылдар бойы экономикалық көрсеткіштері бойынша оқ бойы озып тұрған Мақтааралды қайтадан жасақтайтын боламыз» - деді Бақыт Нәсірханұлы.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости