Қазақстанда Baqylauda арнайы цифрлы сервисін енгізуге байланысты жұмыс жалғасып келеді. Аталған платформа онлайн режімде мемлекеттік қолдау түрлерін толық көруге мүмкіндік береді. Ведомство мемлекеттік қолдау түрлерін жедел қадағалау үшін олардың барлығын (бүгінде олардың жүзден астам түрі бара) біріктірді: мемлекеттік қаражат нақты қайда жұмсалып жатыр және оның нәтижесі қандай? Бұл тәсіл мемлекеттен бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыруы тиіс,- деп хабарлайды Dalanews.kz
ҚР Қаржы министрлігі Baqylauda сервисін Qoldau.kz цифрлы платформасында орналастырды. Бүгінде жүйеге кейінгі 10 жылдағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы деректер жүктеліп жатыр. Осы жұмыс аяқталған бойда арнайы талдау мемлекеттік қолдау құралдарының тиімді немесе тиімсіз екенін көрсетеді. Аталған жүйенің көмегімен жеңілдіктердің, субсидиялардың немесе басқа да құралдардың тиімділігін, оларды жекелеген салалар бойынша, операторлар және белгілі бір қолдау алушы кәсіпорын деңгейіне дейін «масштабтау» арқылы тексеріп, бағалауға болады.
Кейінгі екі жылдағы мәліметтер әлі жүктелмегеніне қарамастан қазір жүйеде өзекті аналитикалық мәліметтер бар. Мәселен, 9 жылдың ішінде (2015 жылдан 2023 жылға дейін) мемлекеттік қолдау көлемі 9,94 трлн теңге мөлшерінде болған. Осы ретте бюджеттегі айтарлықтай шығын «ковид» кезеңінде «Жұмыспен қамту жол картасы» жобасына бөлінген кезде байқалған, шығын мөлшері шамамен – 973 млрд теңге. Екінші орында аграрлық секторға арналған техника мен жабдықтарды жеңілдетілген лизингпен алуға арналған шығындар тұр – 920 млрд теңге. Үшінші орынды ауыл шаруашылығы саласы түйіндеп тұр – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 675 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сол секілді ауыл шаруашылығына қатысты тағы бір бағдарлама – «Кең Дала» бойынша 650 млрд теңге жұмсалған.
«Көптеген компания, әсіресе аграрлық салада түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларын алып, пайдаланады немесе сан алуан операторлар мен түрлі министрліктер арқылы қолдауға ие болады. Бүгінгі күнге дейін бірыңғай база болған жоқ. Сондықтан да бұл шығыстардың тиімділігін бағалау қиынға соқты. Енді мемлекет мұны анық байқайтын болады. Айталық, салық бойынша, өнімділік жағынан, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу сынды көрсеткіштер бойынша өсімі жоқ, бірақ жылма-жыл ондаған млн теңге алатын компанияға қолдау көрсету қаншалықты дұрыс?!», деді Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Оның айтуынша, Baqylauda электронды сервисі – бірінші деңгейлі жүйе. Ол кәсіпкерді тексеріп, оның белгіленген критерийлерге сәйкестігін бағалайды. Қазір онда төрт негізгі стоп-фактор жұмыс істеп тұр: терроризмді қаржыландыруға байланысты адамдардың тізімде бар-жоқтығы, жалған кәсіпкерлік белгілерінің болмауы, банкроттық фактілері, сондай-ақ бұрын алынған мемлекеттік қолдау шаралары бойынша орындалмаған міндеттемелер. Мұндай факторлар болған жағдайда – жүйе бұл ақпаратты көрсетілетін қызметті берушіге, яғни мемлекеттік органға немесе операторға көрсетеді. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі немесе Азық-түлік корпорациясына. Өз кезегінде қызмет көрсетуші бизнесті мақұлдау туралы немесе мемлекеттік қолдаудан бас тарту туралы шешімді дербес қабылдайды.
«Әлбетте, мысалы ауыл шаруашылығында көп нәрсе ауа-райына, нарықтағы құбылмалыққа байланысты екенін жақсы түсінеміз. Бірақ бағалау бір жылда емес, бірнеше жылдан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар жүйе экономика салаларының көрсеткіштерін бағалап, тұтастай ескеріп нәтиже шығарады», деп түсіндірді Әсет Нұрланұлы.
Мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мен оларды алатын тұлғаларға мониторинг жасайтын Baqylauda сервисі ҚР Президентінің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» 2024 жылдың 8 мамырдағы №542 Жарлығын орындау үшін кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау шараларына ашық және тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және базалық өлшемдерге сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын алушыларды іріктеу рәсімін автоматтандыру үшін іске асырылды.
Осы жобаны Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ-ның мамандары әзірлеп шыққан.