Мемлекет проблемалық банктерді құтқаруды доғаруы керек - ХВҚ

Кәмшат Тілеухан 01 окт. 2024 16:17 1655

1 қазанда Қазақстандағы Халықаралық валюта қоры миссиясының басшысы Николя Бланше негізгі мемлекеттік органдармен, соның ішінде Парламент, Ұлттық банк, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және басқа да мүдделі тараптармен бірқатар кездесу өткізді. Соның бірінде ХВҚ миссиясының басшысы банк қызметін реттеуге байланысты проблемаларға кеңінен тоқталды, деп жазады Dalanews.kz.

Ол проблемалық банктер мәселесін реттеуге бағытталған қымбат жобалар жайынан қанық екенін, бұл шаралар мемлекеттік сектор мен бюджеттің қыруар қаржысын қаққанын баса атап өтті.

"Алдыңғы қатардағы озық тәжірибелер банктерді құтқару үшін мемлекеттік ақшаны мүлдем пайдаланбауды уағыздайды. Мұндағы жағдай заңнамаларға өзгерістер енгізуді және ҚНРДА мен Ұлттық банкпен тығыз ынтымақтастықты талап ететінін көріп отырмыз. Қатты дағдарысты жағдайларда Үкімет проблемалы банктердің мәселесін көп немесе аз көлемде болсын, шешуге ат салысуы керек болады. Қазір мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта біздің қолдауымызбен қол жеткізілген тиісті прогресс бар", - дейді Николя Бланше.

Жалпы, еліміздің банк секторы үлкен өзгеріс алдында тұр. Президенттің тапсырмасы бойынша "Банктер туралы" жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Соған қарағанда, мүмкін Бланше атап көрсеткендей, енді мемлекет банк секторын құтқаруға бұрынғыдай қыруар қаржы бөлуді доғарар!..

PS Жуырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банктің қаулысымен халықаралық агенттіктердің кредиттік рейтингтер бөлігінде шетелдік сатып алушылар мен қазақстандық банктердің иелеріне қойылатын талаптарды белгілейтін анықтамаларды дайындады. Құжат Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына қоғамдық талқы үшін 14 қазанға дейін орналастырылды. Онда шетелдік инвесторлардың қазақстандық банктерді сатып алуы үшін жағдайларды жеңілдету шаралары қарастырылған. Мамандар бұл өзгерістерді тағдыры алдыңғы аптада шешіліп қалуы тиіс Bereke Bank-ті катарлық Lesha банктің сатып алуымен байланыстырады.


Рекомендовать
Последние новости