"Майқайың-алтын" кенішінде қаза тапқан құтқарушының отбасына қандай көмек көрсетілді?

Қаракөз Амантай 29 июл. 2024 12:36 3537

Павлодардағы “Майқайың-алтын” кеніші аумағында қаза  тапқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің отбасына материалдық көмекпен бірге, төрт бөлмелі пәтер сыйға берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімедеді.

"Отандастырымыздың жанашырлық сезімін жақсы түсінемін. "Отбасы неліктен назардан тыс қалды" деген алып-қашпа әңгімеге жол бермеу үшін, құтқарушының отбасына көмек көрсетіліп жатқанын жеткізгім келеді", – деді әкім.

Оның сөзінше, 2024 жылдың сәуір айында "Майқайың-алтын" АҚ Айдостың әйелі Нұрсұлу Шаймерденге 28 миллион теңге қаржылай көмек берілген. Жыл басында қайтыс болған құтқарушының отбасы мен ата-анасының 8 миллион теңгеден астам несие өтелген.

"2024 жылдың 1 маусымында облыс әкімдігі Айдостың артында кәмелетке толмаған 5 баласы қалғандықтан, Нұрсұлу Шаймерденге Павлодар қаласынан төрт бөлмелі пәтер берді. Айдос қайтыс болды деп ресми түрде жарияланғанға дейін отбасы мүшелері орташа айлық жалақысын алып отырды. Оның мәйіті табылған соң жұмыс беруші енді сақтандыру төлемдерін – 10 жылдағы орташа айлық жалақысын төлеп отырады", – деді әкім.

Облыс әкімі Шәймерденовтер отбасы алдағы уақытта да мемлекет назарынан тыс қалмайтынын айтты.

"Блогерлер мен белсенділер жариялаған жекелеген көмектерге еш қарсылығым жоқ, тек теріс жаққа пайдалану нысанына айналмаса болды", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Майқайың алтын" кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.

Осы тұста "Майқайың" алтын кенішіндегі апатта іс-түзсіз жоғалған екі құтқарушының туыстары көмек сұрап, Астанаға барған еді.  

Олар мемлекеттік органдардан құтқару жұмысын жалғастыруды талап еткен болатын.

“Іздестіру жұмыстарының тоқтатылғанына 39 күн, қайғылы оқиғадан бері 89 күн өтті. Балалар: "Әкем қайда?" деп сұрайды. Әкесі жоқ. Күні-түні көз жасым құрғамайды. Күйеуімнің әкесі инсульт алды, ал енемнің қан қысымы бар. Олардың жалғыз ұлы жоғалып кетті. Оны тіпті жерлей алмай отырмыз”, – деді ашынған әйел КТК арнасына берген сұқбатында.


Рекомендовать
Последние новости