Махамбет Досмұхамбетов: «Атыраудың қойнауы мұнайға ғана емес, тарихи құндылықтарға да толы»

Dalanews 19 нояб. 2020 10:08 1181

Атырауда ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атты Алтын адам реконструкциясының ашылу салтанаты өтті. Шараға Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы қатысты, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Ашылу салтанаты барысында Миялы қорғандарынан табылған 250-ге жуық тарихи құндылық көрермен назарына ұсынылды.

Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тарихты түгендеу жұмыстары әр кез басты назарда екенін айтты. Оның сөзінше, төл тарихымыздың тамыры тереңде. Өз дәуірінде Ұлы мемлекеттер құрып, әлем өркениетіне үлес қосқан елміз. Соңғы жылдары табылған мыңдаған жылдардың сырын бүгіп жатқан баға жетпес тарихи жәдігерлер оған нақты мысал бола алады.

– Биыл табылған сармат тайпасының ақсүйегі  тарихи жадымызды жаңғыртқан жаңалық болды. Бүгін куә болып отырған Миялы қорғандарынан табылған екінші «Алтын адам» да Ұлы даламыздың дара жауһары. Құнды жәдігерлеріміз біздің 2 мың жыл бұрынғы терең тарихымызды зерттеуге мүмкіндік береді.

Атырау өлкесінің қойнауы тек қазба байлыққа ғана емес, тарихи құндылықтарға да толы. Төл тарихымызды түгендеу жұмыстары басты назарымызда болады. Топырағы тарихқа тұнған Атырау өңірінің ұлттық кодты жаңғыртудың ұстынына айналарына сенемін, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.


Облыс әкімі сондай-ақ шара барысында ұлттық құндылықтарымыздың жандануына ерен еңбек сіңіріп жүрген Қырым Алтынбековтің еңбектерін ерекше атап өтіп, арнайы ризашылығын білдірді.

Миялы қорғандарына жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Марат Қасеновтің айтуынша, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әйел адам Сармат тайпаларына тиесілі. Әйелдің үстіндегі киімі әртүрлі жәдігерлері мен бұйымдарының көбі алтыннан жасалған.

– Қабірді топырақтан тазалау кезінде алтын жапсырмалар мен алтын сырғаның бөліктері де шықты. Қаңқаның аяқ жағынан пішіні шар тәріздес, төртқұлақты қола қазан табылды. Жалпы биіктігі  23 см болатын қола қазанның пішіні шар тәріздес. Қазанның тігінен орналасқан 4 тұтқасы бар, қарама қарсы орналасқан екеуі жылқының стилдік бейнеленген түрінде, қазан ішіне қарап тұрғандай әсер береді. Жылқының жалы, құлағы және құйрығы анық бейнеленген. Одан бөлек темірден жасалған 2 ат әбзелі, белдік жапсырмалары, сырға, құс бейнелі жапсырмалар, алтын жапсырма, қола жебе ұштары, қыш ыдыс  секілді жәдігерлер де анықталды, – дейді Марат Қасенов.

Сонымен қатар археолог Атырау өңірінде обалардың көп екендігін, әлі де біраз тарихи құндылықтар зерттеліп жатқанын атап өтті.

Рекомендовать
Последние новости