Марал аулаған қар барысы лезде желіні жаулады: мамандар көпшілік ережені сақтамағанын айтты

Сағыныш Сардарова 05 февр. 2026 11:29

Қар барысын қорғау және мониторинг мақсатында спутниктік қарғыбау орнатылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жуырда Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында, Үлкен Алматы шатқалында, тасжолға жақын жерде қар барысы марал аулаған. Бұл аумақ халық жиі демалатын орын болғандықтан, жемтігін жеп жатқан жыртқышты адамдар байқап қалған. Ақпарат әлеуметтік желілерде лезде тарап, келесі күні бұл жерге келушілер саны арта түскен.

Ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдар түсіндіргеніне қарамастан, көп адам жабайы аңға тым жақын жерден дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жүріс-тұрыс қағидаларын бұзған.

"Көпшілік оның Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін жануар екенін және қауіпті жыртқыш екенін ескермеді. Мұндай әрекеттер жануар үшін айтарлықтай күйзеліс тудырды", - деді мамандар.

Қар барысын қорғау мақсатында мамандар оны уақытша аулау туралы шешім қабылдаған. Жануарға спутниктік қарғыбау тағылып, денсаулығын бағалау үшін биоматериалдар алған.

"Кәсіби мамандар барлық рәсімді қысқа мерзімді наркозда, халықаралық ветеринария және этика стандарттарын қатаң сақтап жүргізді. Қарғыбау төтенше жағдай анықталған жағдайда қашықтан ажырату функциясымен жабдықталған. Сонымен қатар, бір-екі жыл ішінде қарғыбау жануардан өздігінен ажырайды", - деді комитет өкілдері.

Десе де зертханалық талдау нәтижесі қар барысы сау екенін және ешқандай ауруға шалдықпағанын көрсеткен. 


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove