АҚШ-тың беделді The Washington Post газетінде Маңғыстау облысының көрікті жерлеріне арналған көлемді мақала жарық көрді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Материал авторы, америкалық журналист Дженнифер Мюллер Маңғыстауға жасаған сапары туралы әсерімен бөлісіп, өңірдің бірегей табиғи ландшафттарын, бай геологиялық тарихы мен мәдени мұрасын кеңінен сипаттаған. Ол Маңғыстаудағы каньондар мен жартас түзілімдерін Ай бетін елестететін ерекше пейзажға теңеп, оларды АҚШ-тағы әйгілі Монумент-Вэлли ұлттық паркімен салыстырған. Автор өңір табиғатының өзіндік болмысын жоғары бағалайды.
Журналистің жазуынша, олар аралаған аңғар ежелде Тетис мұхитының түбінде жатқан. Кейін жер қабаттары қозғалып, Пангея құрлығы ыдыраған соң су шегініп, мыңдаған жылдар бойы табиғат алып тас мүсіндерге ұқсас геологиялық пішіндерді қалыптастырған. Тегіс жазықтың ортасынан қылыштай қадай-қадай шығып тұрған жартастар, кең платолар мен иілген күмбездер көз тартады. Автор бұл өңірдің ұзақ уақыт бойы құрғақ әрі иен жатқанын, соның арқасында миллиондаған жылдық тарихтың ізі анық сақталғанын атап өтеді.
Мақалада сондай-ақ платоларда кездесетін теңіз жануарларының тасқа айналған қалдықтары — көне Тетис мұхитының айғағы, Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен-сарайлардың қираған орындары, сопылық ғибадатханалар мен қасиетті мекендер сөз болады.
Бозжыра шатқалы, Жығылған мүйісі, Қызылкуп және Торыш шарлар алқабы сияқты Маңғыстаудың танымал нысандарына жеке-жеке тоқталған. Торыштағы жұмбақ тастар жайлы ол:
«Ғалымдар олардың қалай пайда болғаны жөнінде әлі бір ортақ пікірге келген жоқ. Ал маған жергілікті аңыз — бұл алқап бір кездері құдайлардың ойын алаңы болған деген нұсқа көбірек ұнайды», - деп жазады.
Автордың айтуынша, ұзақ жылдар бойы Маңғыстау халықаралық туристер назарынан тыс қалып келген. Алайда бүгінде өңірге деген қызығушылық артып отыр. Сапар барысында журналист Ресей, Қытай және Италиядан келген туристерді кездестіргенін, ал америкалық саяхатшылар бұл бағытты енді ғана аша бастағанын жазады. Оның жолсерігі, он жылдан астам уақыттан бері аймақ бойынша турлар ұйымдастырып жүрген Антон Дикиннің айтуынша, осы уақытқа дейін ол АҚШ-тан келген туристерді мүлде жолықтырмаған.
Дженнифер Мюллер сапар кезіндегі бір түнді «киіз үйден жасалған мотельде» өткізгендерін де атап өткен. Дегенмен топ мүшелері кейін барлығы бірдей дала төсінде, өз шатырларында оянған әлдеқайда әсерлі болар еді деген пікірге келген. Бұл саяхатшылардың Маңғыстауға ең алдымен адам қолы тимеген табиғатпен үндесу үшін келетініне дәлел екенін жазады автор.
Айта кетейік, The Washington Post газеті 1877 жылы Вашингтон қаласында құрылған. Алғашында өңірлік басылым болғанымен, уақыт өте келе ұлттық әрі халықаралық деңгейдегі ықпалды ақпараттық платформаға айналды.
2025 жылғы дерек бойынша, басылымның цифрлық жазылушыларының саны шамамен 2,5 млн адамды құраған. Ал қағаз нұсқасының күнделікті таралымы шамамен 97 мың дана.
