МАГАТЭ миссиясы: АЭС салу бойынша дайындыққа оң баға берілді

Dalanews 12 апр. 2023 05:51 912

Елімізге ақпан айының соңында МАГАТЭ миссиясы өкілдері мен халықаралық сарапшылар атбасын бұрды. Олар Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымы мен әлеуетімен, алғашқы салынатын АЭС құрылысы бойынша жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарымен танысты.


Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолу жөніндегі миссия АЭХА-ға мүше мемлекеттер өкілдернің халықаралық сарапшылармен бірлесіп, әртүрлі елдегі озық тәжірибе туралы терең талдау жүргізуіне мүмкіндік береді. INIR миссиясы тобының кез келген ұсынысын орындау миссияны өткізуге өтініш берген мүше мемлекеттің қалауында қалады. Ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін INIR миссиясының нәтижесі кемшіліктерді жою бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеуге көмектеседі.

[caption id="attachment_87953" align="alignnone" width="1373"] Фото: ҚР Энергетика министрлігі[/caption]

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, аталған миссияның мақсаты – халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу арқылы Қазақстанға ядролық-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді есеп әзірлеуде қолдау көрсету. Бұл миссия Қазақстан үкіметінің өтініші бойынша жүзеге асты. Бұған дейін, яғни 2016 жылы өткізілген INIR (Integrated Nuclear Infrastructure Review) миссиясының ұсыныстары мен ұсынымдары қаншалықты орындалды? Жеті жылда не өзгерді, неге көңіл бөлінді, бәріне баға беріліп, елдің жетістігі сараланып, әлі де шешімін табуы тиіс түйткілдерді нақтылауға мүмкіндік берді.

Әуелі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) «Негізгі кезеңдер» тәсілінің бірінші кезеңінің өлшемшарттары бойынша ядролық инфрақұрылымды дамытудың жай-жапсарына шолу жасалды. Онда қарастыру, дайындық, құрылыс сияқты дамудың үш кезеңі негізінде бірқатар ұсыныс жобасы қамтылған. Ең алдымен Қазақстанның ядролық энергетикалық бағдарламаға қатысты жүктелген міндеттемелерді орындауына дайындығына жан-жақты баға берілді.


Сонымен, ядролық инфрақұрылымға толыққанды кешенді шолу жасаған сарапшылар тобы төрт күндік миссия нәтижесінде Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ядролық инфрақұрылымды шолу жөніндегі алдыңғы миссиясының ұсынымдарын орындауда едәуір ілгерілеушілік барын жеткізді. Энергетика министрлігінің айтуынша, INIR миссиясының жұмыс тобы ядролық энергетикалық бағдарламаны үйлестіру, атом электр станциясын қаржыландыруды түсіну, апатқа қарсы жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдарды Қазақстан толығымен іске асырғанын атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылардан құрылған жұмыс тобы атом энергетикасы құрылысы мен инфрақұрылымына кететін қаржыны нақтылау мен есеп-қисап жұмысын тәмамдауға, осы істің басы-қасында жүретін реттеуші орган мен меншік иесінің (операторды) жұмысын одан әрі дамыту жоспарын қолға алуға және бұған өнеркәсіпті тарту саясатын әзірлеп, іске асыруға қатысты қосымша жұмыстарды қоса атқару керектігін де қадап айтты.



Айта кету керек, МАГАТЭ-нің басшылық қағидатына сәйкес, І кезеңдегі кешенді есеп бойынша ядролық-энергетикалық бағдарламаға қатысты міндеттеме алуға дайын болу керек. Себебі, бұл ядролық-энергетикалық бағдарламаны жүзеге асырудың негіздемесі мен стратегиясын қамтиды. Осы тұрғыда INIR миссиясы командасының басшысы, АЭХА Ядролық инфрақұрылымды дамыту секциясының ядролық инженері Мехмет Джейхан Қазақстан 2016 жылы өзіне міндеттелген ұсыным мен ұсынысты орындап, ядролық энергетикалық бағдарламаны іске асыруды қолға алуға нақты кіріссе,   одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін тілге тиек етті.

Ал Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісіндегі ұмтылысын АЭХА жоғары бағалайтынын айтады.

«INIR миссиясын қабылдаған еліміз ядролық инфрақұрылымының дайындығына шынайы кәсіби баға алуға мүдделі. Себебі, INIR миссиясы Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға қажетті инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсарту мен қамтамасыз етуді талап ететін салалар мен жоспар-бағытымызды нақтылау үшін құнды құрал. Бұл еліміздің ядролық энергетикалық бағдарлама бойынша жұмыс істеуіне үлкен қолдау. Миссия шеңберінде сарапшылар еліміздің ядролық-энергетикалық инфрақұрылым әлеуеті мен нормативтік құқықтық актілерді ұйымдастыру деңгейін, АЭС құрылысының орнын таңдау және мамандарды дайындау туралы пікірін ортаға салды. Қазақстан ядролық энергетикалық бағдарламасы қауіпсіздіктің ең жоғары стандарты мен озық халықаралық тәжірибелерге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны іске асырады», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.


Айта кету керек, бүгінде Энергетика министрлігі атом электр станциясын салу бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.

ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, АЭС  – ЖІӨ-нің өсуіне, ел экономикасының дамуына, энергетикалық өндірісті әртараптандыруға, қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындыларын азайту есебінен экологиялық жүктемені азайтуға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізеді.

«Атом энергиясын тұтыну 1 пайызға өссе, елдің ЖІӨ-і 0,32 пайызға артады. Мәселен, ядролық отын таблеткасының салмағы – небәрі 4,5 грамм болса да, бұл 350 келі мұнайға немесе 400 келі көмірге тең энергия бөледі. Қазақстанда уранның қоры бай десек, АЭС-ті отынмен қамтамасыз етуге өз уранымызды пайдалансақ, дайын өнімді басқа елдерге экспорттауға мүмкіндік бар», – дейді вице-министр Жандос Нұрмағанбетов.


МАГАТЭ сарапшылары Қазақстанның АЭС салуға деген экономикалық әлеуетін оң бағалағаны осы істің басы-қасында жүрген мамандарға серпін берді. Егер биыл АЭС салатын реактор технологиясы таңдалса, кемінде 10-11 жылдан кейін еліміз энергия тапшылығы мәселесінен құтылуы мүмкін.

Рекомендовать
Последние новости