Отбасы институтын дамыту – тұрмыстағы зорлық-зомбылықты тоқтатудың тура жолы

Dalanews 12 апр. 2023 06:24 1218

Бүгінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түбіріне балта шабу ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны белгілі.  Өз кезегінде адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар да Қазақстан билігінен әйел азаматтардың тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы жетілдіріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіруді жылдар бойы талап етіп келгенін білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған заңнаманы жетілдіріп, бұл бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөліне бастады. Үкіметтік деңгейде қабылданған іс-шаралар әйелдер мен балаларға жұдырығын ала жүгіретін ер азаматтардың біршама айылын жиюына ықпал етті.

Осындай кешенді іс-шаралардан кейін ел азаматтары әйел азаматтарға зорлық көрсету адам құқығын аяққа таптаудың сорақы түрі екенін біршама сезінді. Десекте, соңғы жылдары жергілікті ақпарат құралдарынан тұрмыста кездесетін зорлық-зомбылықтың салдарынан елімізде ондаған әйел азаматтың көз жұмғанын оқып, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсудің маңызы зор екенін түсінгендей болдық.

2009 жылы қабылданған «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заңы отбасындағы зорлық-зомбылықтың қылмыстық құрамын ашып көрсете алмаған соң, бұл заң әйелдер мен балаларға тиісті деңгейде қорған бола алмағанын көпшілік жақсы біледі.

Осыдан кейін 2020 жылдың қыркүйек айында Парламент қабырғасына "Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заң жобасы келіп түскеннен кейін, оны мәжілісмендер бірден талқылауға алып, алғашқы оқылымда қабылдаған болатын. Осылайша жаңа заң тұрмыста зорлыққа ұшыраған көптеген әйелге қорған болды.


2021 жылы жаңа заңды қайта талқылау үшін депутаттар қайтарып алған еді. Сала мамандарының ой-пікіріне құлақ ассақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықты шектейтін заңды қайтаруға отбасы институтан қалыптастыруға қатысты заңнама мен еліміздің «Қылмыстық кодексіне» бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі 2020 жылы қабылданған заңды кері қайтарып алуға негіз болған.

Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Ішкі істер министрлігі «Қылмыстық кодекске» енгізілген өзгерістерді Мәжіліс депутаттары мақұлдап, сенаторлардың қарауына жібергенін жария еткен болатын. Мамандар жаңа «Қылмыстық кодекске» енгізілген өзгерістерге сай тұрмыста нәзік жандыларға зорлық көрсеткен жандарға қатысты арыз түспеген жағдайдың өзінде де оларға қарсы әкімшілік жаза қарастырғанын айтқан болатын. Бұдан кодекске енгізілген өзгертулер сен толақтырулар әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетушілерге қарсы шара қолданып, жазаға тарту ісі сәлде болса күшейтілгенін байқаймыз.

Ал ҚР Парламенті Мәжілісі сайтында жарияланған отбасы институтын жетілдіруге бағытталған заң жобасында да отбасында кездесетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу үшін біраз маңызды мәселелер қамтылған. Отбасы институтын қалыптастыруға қатысты заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасына барынша көңіл бөлінгенін айрықша атап өтуге болады.

Заң жобасында билік орындарының БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жедел назар аудару, бұл бағытта мониторинг жасау, статистикалық мәліметтерді жинақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты ақпараттық және ағарту жұмыстарын күшейту мәселесі де қарастырылғанын айта кетуіміз керек.


Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы жұмысты күшейтіп, қоғамды реформалаудағы маңызды бағыттарының бірі екенен талай рет айтқан болатын. Тіпті, Президент профилактикалық іспен айналысатын ведмоствалардан тұрмыстағы зорлыққа қарсы жазаны күшейтуді талап еткені де есімізде. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйесін тауып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоятына сенуге болады.

Соңғы уақыттары біршама етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін аталған заңнамалар тез арада айналымға шығарудың маңызы зор. Сол кезде нәзік жандыларға қол көтеріп, балаларға әлемжеттік жасайтындар ойланатын болады.

Бүгінде ішкі істер органдары отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел азаматтардан жыл сайын мыңдаған арыз-шағымдар түсетінін алға тартуда. Айталық, өткен жылы жүзге жуық әйел азаматтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен өмірімен қош айтысқан. Бұл халық саны аз Қазақстан үшін өте қауіпті құбылыс десек болады. Ал жыл басынан бері отбасында ер азаматтардың қолынан мерт болған әйелдердің саны 18-ге жуықтаған.

Бүгінде құқық қорғау органдары да бұл істің алдын алап, адам өлімінің болдырмау үшін барын салуда. Мамандардың сөзіне құлақ ассақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдерге қорған болатын көмек көрсету қызметі мен дағдарыстық орталықтар еліміз бойынша әлі де болса жеткілісіз екенін байқауға болады. Әсіресе мұндай орталықтар ауыл-аймақтарда мүлде жоқ десек те болады.

Дағдарыстық орталықтар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа табанды түрде қарсы тұрып, әйел азаматтарға өздерінің құқығын қорғауды үйретіп, ер азаматтарға қоғам үшін жағымсыз мұндай әрекеттердің соңы қылмыстық жауапкершілікке ұласатынын түсіндіретіні анық. Жалпы еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатуда профилактикалық іс-шараларды күшейтудің маңызы зор.  


Прфилактикалық жұмыстарды күшейтуге баса мән берген ҚР ІІМ 2021 жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу ісімен айналысатын әйел азаматтардан құралған арнайы бөлімдердің штаттық қызметін көбейтіп, бұл бағытта жұмыс істейтін қызыметкерлердің біліктілігін көтеру ісіне барынша көңіл бөліп келеді.

Ал 2022 жылдың қазан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайлов жергілікті билік орындарына дағдарыстық орталықтардың жұмысын кейейтіп, қызметтерін жандандыруға пәрмен берген болатын.

Бүгінде халықарлық ұйымдар Қазақстан билігінен тұрмыстық зорлық-зомбылықты реттейтін заңдарда зорлық көрсетушілерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді талап етіп отырғанын білеміз. Жоғарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын заңнамаларға талдау жасағанымызда осы бір жайсыз жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың күшейтілгенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп бердік.

Әйел азаматтарға зорлық көрсетіндергі қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, елімізде зорлық-зомбылықтың түбіріне балта шабу мүмкін емес. Қайта мұндай қатқыл шаралар жағдайды одан бетер ұшықтыруы мүмкін. Осы ретте Үкіметтің тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін елімізде отбасы институтыны дамытып, бұл іске тоқтауға талпынып отырғанын тығырықтан шығудың тура жолы деп қарастырса болады.

Өйткені қазақ қоғамында қалыптасқан отбасы құндылықтары тұрмыстық зорлық-зомбылықты әр уақытта айыптап, бұған жол бермегені белгілі. Сондықтан бұл бағытта біздер өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан отбасы құндылықатарды дәріптеп, зорлық-зомбылықты жеңуге болады.


Дәл қазір ауылды жерлерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын дағдарыстық орталықтарды құру мүмкін емес. Құрған күннің өзінде де онда жұмыс істейтін мамандар тапшы екенін бәріміз білеміз. Ал әр ауылда жұмыс істейтін Ақсақалдар кеңесі арқылы бұл істің түйінін тарқатуға болады. Бұдан басқа Аналар кеңесін де бұл іске тартып, отбасында зорлық-зомбылық көрсететін ер азаматтарды тезге салатын мүмкіндік бар. Осындай қазақ қоғамында қалыптасқан отбасылық құндылықтардың аспектілерін дамытып, ауылды жердегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатудың маңызы зор. Сондықтан алдағы уақытта қолданысқа енетін «Отбасылық институтты дамыту туралы» заңнан күтеріміз көп.

Жарбол КЕНТҰЛЫ 

 

 

Рекомендовать
Последние новости