Күрес федерациясында кадрлық өзгерістер болды

Ақтоты Жапатова 19 дек. 2025 19:14

Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жалпы жиналысы өтіп, онда саланың алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағыттары мен жүйелі даму тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиналыс барысында федерация басшылығы жаңа мамандармен толықты. Вице-президент лауазымына Атланта Олимпиадасының жеңімпазы Юрий Мельниченко мен Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров тағайындалды. Сонымен қатар, бас хатшы қызметіне бұған дейін «Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры болған маман кірісті.

Ал бұрынғы құрамда жұмыс істеп келген вице-президенттер Нұржан Қатаев, Дәурен Жабасов және Сабыржан Зайнидинов өз қызметтерін жалғастыратыны белгілі болды.

Отырыста еркін және әйелдер күресінен ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушысы лауазымына үміткер кандидатуралар да қаралды. Үміткерлер өздерінің даму бағдарламаларын таныстырды. Нәтижесінде, еркін күрестен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне Аслан Байгуловтың, ал әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне Әділет Ермаковтың кандидатуралары ұсынылып, жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында федерацияның басты құндылығы – күрес спортын бірге дамытып келе жатқан біртұтас қауым екені атап өтілді. Федерация жұмысы жеке бастамаларға емес, командалық қағидатқа сүйене отырып жүзеге асырылатыны айтылды. Мемлекет деңгейіндегі басымдықтарға сәйкес саланы дамытудың негізгі бағыттары айқындалды.

Федерация президенті Еркін Оқасов шешім қабылдау мәдениетіне ерекше мән берілетінін атап өтті.

«Алдағы міндет – күрес спортын жүйелі, әділ және тұрақты дамыту. Әр өңірдегі жұмыс ортақ талаптарға сүйеніп, қабылданатын шешімдер ашық әрі түсінікті болуы шарт», – деді ол.


Рекомендовать
Последние новости