Күре жолдардағы қызмет көрсету сапасы бақылауға алынады – Олжас Бектенов

Қаракөз Амантай 08 апр. 2025 18:04

Қазақстандағы жол бойындағы қызмет көрсету нысандары — дәмханалар, жанармай бекеттері мен техникалық станциялар — енді бекітілген стандарттарға сай болуы міндеттеледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен жергілікті әкімдіктер күре жолдар бойындағы сервис сапасын жақсартуды жалғастыруы қажет.

“Жол бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға толық сай келуі тиіс. Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру жолдарын қарастыруды тапсырамын. Туристердің қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі керек”, — деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-министр ел аумағындағы барлық инфрақұрылым — әуежайлар, қонақүйлер, сауда орындары, қоғамдық тамақтану нүктелері мен концерт залдары — қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай болуы керегін атап өтті.

Олжас Бектенов Туризм, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері мен арнайы мемлекеттік органдарға мәдени, спорттық және туристік іс-шараларды өткізуде жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

“Мұндай іс-шаралар еліміздің халықаралық имиджін нығайтып, туристер мен инвесторлар үшін Қазақстанды тартымды ете түседі”, — деді Премьер-министр.


Рекомендовать
Последние новости