Көбінің ойы – Назарбаевқа жағыну

Dalanews 13 окт. 2017 08:30 1007

Латын әліпбиіне көшу бастамасы қаншалықты құптарлық іс? Көшкен күнде қандай нұсқаны таңдаймыз? Парламентте таныстырылып, дүйім жұрттың қарсылығына тап болған әліпбидің нұсқасы қабылданып кетпей ме?

Abai.kz сайтына берген сұхбатында қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осы турасындағы ой-пікірімен бөлісіпті. Ол не дейді? 

– Мемлекет басшысы 2050 Стратегиясын жариялаған кезде:
«2025 жылы Қазақстан халқы түгел мемлекеттік тілде сөйлейді. Екіншіден, біз латын әліпбиіне көшеміз, үшіншіден, Қазақстан Қазақ Елі деп аталады»,- деді.

2025-інші жылға дейін 8 жыл қалды. Дегенмен Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Үкіметке тапсырма берді. Латын біз білмейтін әліпби емес. Бұрын қолдандық. Мысалы, мен мектепке барардан екі жыл бұрын кирилл әліпбиі енгізілді. Бірақ бұрынғы еңбектерді төте жазуда, латында өзімізше оқып жүрдік.

Әлі есімде, тәуелсіздік алғаннан кейін көп кешікпей Тіл институтының директоры Әбдуәли Қайдаров ағамыз бастаған бірнеше тіл мамандары келді. «Тәуелсіздік алдық. Құлдықтан құтыламыз десек, кириллицаға байланбай, латынға көшуіміз керек»,- десті олар.

Жасыратын несі бар, әбден шекемізге тигеннен осыдан құтылсақ пәледен құтыламыз дегендей сол идеяны жақтадым. Әліппе жасауға тапсырма бердім. Арада қанша уақыт өткенін білмедім, бір күні Әбдуәли аға әліпбиді алып келді. Бірден Елбасына кіргіздік.
Нұрекең оны қолына алып қарап отырып: «Бәрі дұрыс! Бірақ бұған асықпаңдар. Уақыты келеді»,- деп айтты.

Ол 1992 жыл болатын. Енді міне, арада ширек ғасыр өткенде жариялап отыр. Алдыңғы жылы БҰҰ-ның биік мінбесінен қазақ тілінде сөз сөйледі. Соның бәрі дайындық екен. 

Қолдаймын...


Біз латынға көшуіміз керек. Бұл бірақ қазақтың кешегі көктемде жайлауға көшіп, күзде киіз үйін жинап, қайта қыстауға көшетіндей нәрсе емес. Түптеп келгенде, бұл – ұлттың келешегі. Ұлтымыздың тағдыры осының ішінде тұр.

Қазақта «Асыққан шайтанның ісі» деген мақал бар. Бұған асықпауымыз керек. Әлгі диграф деген бар. 8 әріптің мәселесіне уақыт қажет. Халықтың күмәнданып отырғаны да осы нәрсе деп ойлаймын. Көз үйренгенше қиын болуы мүмкін. Жұрт қазір қабылдаса, жазып кетеді. Алайда түптеп келгенде, бұл әліпби дүние жүзіндегі ең бай тіл – қазақ тілінің келешегіне қандай ықпал жасайды. Осыны ойлауымыз керек.

Ана тілімізге нұқсан келтірмеуіміз керек.
Тіл әдебиет емес. Тіл математика сияқты нақты ғылым.

Өзінің даму заңдылықтары (айтылуы, жазылуы) бар. Осы заңдылықтарды бұзып, тілімізге қиянат жасауға қақымыз жоқ.

Біздің қоғамда бір жаман әдет қалыптасты.
Елбасының аузынан бір сөз шықса, жұрттың бәрі соған үн қосып, данышпан бола қалады.

Депутаттар да түгелдей жамырасып сөйлейді. Кім болса сол мақала жазады. Әй, ол жұрттың бәрінің өресі жететін мәселе емес қой! Бұл – биік ұлттық мәселе! Ұлттың тағдырын шешетін мәселеге келгенде асықпаған абзал. Шибөрінің артындай жан-жақтан шулаудың керегі жоқ. Сайып келгенде, бұл лингвистер шешетін мәселе. Мұның тағдырын соларға сеніп тапсырып, арына салған жөн. Өйткені қазір елдің бәрі бетін қалқып жатыр, әншейін. Тереңдеп бара алмайды.
Көбінің ойы – Президентке жағыну.

Көзге түсіп қалғысы келеді. Бірақ шынтуайтына келгенде байыбына бармайды.

Түнеукүні Парламентте таныстырылған әліпбидің бір данасы мен де бар. Өткенде мысалдар келтірдім. Шыңның басы деген сөзді жаздым. «Ш»-да екі дыбыс, «Ң»-да екі дыбыс бар, басым ауырып кетті. Кезінде біз көрген әліпбиде «Ә» әрпі бар болатын. Одан неге қашамыз?

Осы мәселені «Нұр Отанда» да талқыға салдық. Әлімхан Жүнісбаев деген мықты фонетик маманымыз бар. Сондай мамандарға сенуіміз керек. Әлгі жиында Әлімхан мына жерде отыр деді.

Әліпби нұсқасымен мысал келтіріп: «Әй, Әлімхан сені көзім үйренгенше Әйелімхан деп, Әлібекті Әйелібек деп оқимын. Сенің әйелің хан, оның әйелі бек»,- деп қалжыңдап едім, жұрт ду күлді. Бұл мазмұндама, шығарма емес. Бұл – тілдің заңы. Түсіне білсек, бұл әліпби кез-келгеніміздің жанымыз, рухымыз, құдіретіміз, сенеріміз. Осы әліпбиді дұрыстап жазсақ, қазақ тілі сақталып қалады. Осыны түсіну керек халық. Өз басым босқа лағып сөйлегендерді жақтырмаймын.

Рекомендовать
Последние новости