Кітап – ынтымақтастық құралы: Алматы мен Франкфурт әріптестік орнатуда

Жарбол Кентұлы 18 нояб. 2024 18:16 224

Әлемге әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің өкілдері алматылық кітапханалармен, баспалармен және жазушылармен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Frankfurter Buchmesse президенті және атқарушы директоры Юрген Боосты қабылдады.

Кездесу барысында Франкфурт тарапы Алматының көпұлтты қала ретіндегі бірегейлігін атап өтіп, ұзақ мерзімді әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниет білдірді. Өз кезегінде Ерболат Досаев әкімдік тарапынан кітапханаларды жаңғыртуға және заманауи қоғамдық кеңістіктер құруға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Сондай-ақ Алматы қаласының кітапханаларында табысты енгізілген инновациялық және креативті шешімдер туралы баяндады.

«Электронды кітаптарды пайдалану үрдісінің артуына қарамастан, баспа кітаптарын оқу сезімін, қағаз беттерін ұстап көру әсерін ештеңе алмастыра алмайтынына сенімдімін. Кітапханалардың белсенділігінен біздің тұрғындарымыздың кітапты өте жақсы көретінін байқаймыз, біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде қаламыздағы кітапханалардың 95%-ы жаңғыртылды. Біз барлық ауданда заманауи кітапханалар ашып, халық көп жиналатын жерлерде – сауда және ойын-сауық орталықтарында, комьюнити орталықтарында және басқа орындарда автономды кітапханалар орнатып жатырмыз. Сонымен қатар, жазушылар мен заманауи авторларды қолдаймыз», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті және атқарушы директоры Юрген Боос Алматыда жергілікті авторлар мен баспаларға арналған семинарлар өткізуге, сондай-ақ ауқымды кітап іс-шараларын ұйымдастыруда кеңес беруге дайын екенін білдірді.

«Біз Қазақстанға арнайы келдік. Алматымен байланыс жасап, ынтымақтастық орнату біз үшін маңызды. Біз тек жәрмеңкелер өткізумен шектелмей, баспа ісін де дамытамыз. Мен баспа саласы үлкен өзгерістерді қажет етеді деп санаймын және осы салада тәжірибе алмасуға дайынбыз. Бұған дейін біз Мексикада, Оңтүстік Африка Республикасында және БАӘ-де өткен кітап жәрмеңкелерінің ұйымдастырушыларын кеңес беріп қолдадық. Яғни, бұл салада мол тәжірибеміз бар. Сондай-ақ, Қазақстанды Франкфурт кітап жәрмеңкесінің құрметті қонағы болуға шақырғымыз келеді», – деді Юрген Боос.

Кездесу соңында тараптар 2025 жылы Алматыда бірлескен жобаларды дамыту және мәдени-іскерлік байланыстарды нығайту туралы уағдаласты.

 


Рекомендовать
Последние новости