Астанада өткен халықпен кездесуде Сарайшық ықшамауданының тұрғыны қала әкімі Жеңіс Қасымбекке ұлының балабақшада буллингке ұшырағанын айтып, шағымын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, жекеменшік балабақшада 26 қыркүйекте басқа ата-аналармен дау шығып, сол жағдайдан кейін екі жасар баласы ешқандай ресми дерексіз мекемеден шығарылған.
“Балама әкімшілік тарапынан әділетсіз көзқарас танытылды. Ұлымды кемсітіп, ар-намысына тиетін сөздер айтты. Тіпті “агрессивті”, “мінезі дұрыс емес” деп сипаттап, “кішкентай Бишімбаев” деп келеке етті”, — дейді ол.
Әйел бұл жағдайға байланысты полицияға, прокуратураға және білім басқармасына шағым түсірген. Алайда мемлекеттік органдар жеке меншік балабақшалардың қызметіне араласа алмайтындарын алға тартып, нақты көмек көрсете алмаған.
Бұдан бөлек, балабақшада санитарлық талаптардың сақталмағанын және рұқсатсыз жұмыс істеп жатқанын да айтқан. Оның мәліметінше, мекеме субсидияны бір филиал арқылы алып, ал төлемақыны басқа филиал арқылы жинайды.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жайтты жеке бақылауына алатынын жеткізді.