Кемшілікті түзетіп, жақсылықты үлгі ету маңызды

Dalanews 16 окт. 2019 04:41 887

Нұр-Сұлтаннан арнайы келген «Nur Otan» партиясы жанындағы «Балалар құқығын қорғау»  жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері Түркістан облысындағы үш күндік жұмысын қорытындылады. Жұмысшы топ 3 қала, 8 аудандағы 90-ға жуық мекемені аралап, жергілікті атқарушы органдардағы атқарылып жатқан істерді зерделеді.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен әлеуметтік салаға жауапты мамандар қатысты.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің консультанты, облысқа келген жұмысшы топтың жетекшісі Рысты Жұмабекова үш күн бойында жүргізілген жұмыстармен таныстырды:

– Мақсатымыз – кемшіліктерді түзетіп, жақсылықтарды үлгі ету. Жалпы, өңірде үлкен серпіліс бар. Жаңадан құрылып жатқан облыс болғандықтан болар, халықтың көңіл күйі де керемет. Жақсылыққа, өрлеуге деген ынта байқадық. Дегенмен, біршама кемшіліктер де жоқ емес. Әр бір сала бойынша мамандардан комиссия құрып, тағы бір рет аудан, қалаларды аралап шығыңыздар. Халықтың арасында жүріп, мұңын тыңдап, қуанышымен бөлісіп жасаған жұмыстың да жақсылығы көп болады, – деді Рысты Мағауияқызы. Сондай-ақ, Түркістан облысындағы мектептере қолға алынған игі бастаманы республикалық деңгейге көтеру керектігін айтты:

– Әр сынып жетекшісінің қасына бала құқығымен, тәрбиесімен айналысатын көмекші қосып беру бұл үлкен бастама. Енді осы жұмысты жандандырып, әрмен қарай жалғастыру қажет – деді.


Жұмысшы топ мүшелері аудан, қалалардағы әлеуметтік нысандарды аралау барысында орын алған жағдайларды баяндады.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесінің консультанты, топ жетекшісі Мансия Исказина, ҚР ДСМ Жастар және отбасылық істер жөніндегі комитеті бөлімінің бастығы Азамат Белқайров, ҚР Ішкі істер министрлігінің ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау департаментінің аға инспекторы Рүстем Құттыбаев атқарылған істерге сипаттама берді.

Әлеуметтік нысандардағы материалдық жағдайларды жақсарту бойынша ұсыныстарын айтты.

Жиын барысында әрбір аудан, қала әкімінің орынбасарлары мен білім беру бөлімінің басшылары тыңдалды.

Облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов алдағы уақытта балалардың болашағына байыппен қарау бағыты бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылып, көшбасшы партиямен бірге арнайы жобалар іске асатындығын  айтты.

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы тиісті мекемелермен бірлесе отырып, балалар құқығын қорғау бағытында арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу керектігін тапсырды.

 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости