Келесі премьер елге жаға қоймайтын қиын шешімдер қабылдауға мәжбүр болады - саясаткер Қосанов

Азамат Қойшығара 05 февр. 2024 20:07 9484


Бүгін Үкімет басшысы орнын босатты. Осы маңызды оқиғаға орай Dalanews.kz тілшісі белгілі саясаткер, журналист Әміржан Қосановқа хабарласты.


Оның пайымынша, осындай ауыс-түйіс кезінде әрбір ықпалды топ өз адамын қоғамдық санаға, қала берді, басты шешімді қабылдайтын президенттің назарына ұсынып, тықпалай бастайды.



"Аталып жатқан тұлғаларға келсек, кімнің келесі премьер болатынын бізде Құдай мен... президент қана біледі.


Өкінішке қарай, дипломат Тоқаевтың өз әріптестерін, яғни дипломаттарды ішкі саясатқа, экономикаға, аймақтарды басқаруға әкелу тәжірибесі оң нәтиже бере қойған жоқ", - деп атап өтті саясаткер.



Ол нақты жағдайға да тоқталып, әлеуметтік-экономикалық ахуал мәз емес екенін, перспективасы да оңып тұрмағанын алға тартты.



"Мұның сыртқы да, ішкі де себептері бар. Отыз жыл бойына жөнделмеген инфрақұрылымның өзі не тұрады?!


Сол себепті өз басым келесі премьер саяси камикадзе болады деп санаймын. Яғни, ол өзінің саяси амбициясын ысырып қойып, ел ішіндегі рейтингін құрбандыққа шалып, көпшілікке жаға қоймайтын қиын шешімдер қабылдауға мәжбүр болады. Өйтпесе, жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Өйткені, осы күнге дейін көпшілікке жағамын деп, бірқатар популистік шешімдер қабылдап, экономиканың қаржылық тұрақтылығына біраз зиян келтірген еді. Енді соның бәрін түзеу керек", - деді Әміржан Қосанов.




Рекомендовать
Последние новости