Кассалық-бақылау машинасы көлеңкелі бизнестің жолын кеседі

Dalanews 12 февр. 2016 00:16 1546

Бүгінгі күні ақпараттық және инновациялық технологиялар жаңарған сайын, салық жүйесіндегі бақылау мен әкімшілдендіруді жетілдірілуге байланысты  өзгерістер де күн санап дамып келеді. Бұл әрине, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінің талаптары негізінде жүзеге асырылып жатқан шаралар. Сондықтан да салық төлеуші субъектілерге қойылатын талаптарға байланысты бірқатар өзгерістер тәжірибеге енгізілуде. Соның бірі – сауда орындарында автоматты түрде мәліметтер беру функциясы бар бақылау-кассалық машинасын орнату болып табылады.


Бұл талап – салықтан жалтаруға жол бермейтін және салықтық есептілік проблемаларын дер кезінде жүргізіп отыруға мүмкіндік беретін тиімді механизм. Атап айтсақ,  ҚР Салық кодексінің 645 бабының 1 тармағы, 4 тармақшасының және ҚР Үкіметінің 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы №1129 Қаулысының талаптары негізінде, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің аумағындағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мәліметтер беру функциясы орнатылған бақылау-кассалық машинасын пайдалану тәртібі енгізілді. Сонымен қатар, салық төлеушілер үшін жасалып отырған бұл талаптар жалпылама қолданыстағы телекоммуникация  жүйесі жоқ жерде ғана жұмыс істемейді. Себебі, алыс ауылдарда, ғаламтор жүйесі толық түрде жұмыс істемейтін жерлерде аталмыш бақылау-кассалық машинасын орнату міндетті емес.


Осы орайда, «салық төлеушілердің қандай категориясы автоматты түрде мәлімет беру функциясы орнатылған бақылау-кассалық машинасын орнатуға міндетті?» деген заңды сұрақ туатыны ақиқат. Атап айтсақ, орман шаруашылығы және құрылыс материалдарымен, сантехникалық жабдықтармен, металл бұйымдарымен, компьютермен, жылыту және су құбыры қондырғысымен, аудио-видео техникаларымен, электротұрмыстық приборлармен, жиһазбен, жарық беретін қондырғылар мен бөлшек және көтерме сауда жасайтындар, сондай-ақ қонақүй, мейрамхана, азық-түлікті жеткізіп беру, кинофильмді көрсетуге тапсырыс беру,  шаштараз және сұлулық салоны, бағдарламалық қамтамасыз ету қызметімен айналысатындар мәлімет беру функциясы орнатылған бақылау-кассалық машинасын пайдалану арқылы жұмыс істеуге міндетті.


Автоматты түрде мәлімет беретін бақылау-кассалық машинасының жұмыс қағидаты өте жақсы дамыған. Оны жетік меңгеру – заман талабына сай үрдіспен жасалған процедура десе де болады. Қассалық-бақылау машинасын пайдалану механизмінде бұрынғы кассалық аппаратпен салыстырғанда көп айырмашылық жоқ. Атап айтсақ, кассалық-бақылау машинасын қолдану төменгідей тәртіппен жүргізіледі. Мысалы, тауар сатып алушыдан алынған қолма-қол ақша бақылау-кассалық машинасына енгізіледі. Бақылау-кассалық машинасының мәліметтері онлайн режимінде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының фискальді мәліметтер жинайтын орталық операторына жіберіледі де, жинақы бақылауда тұрған чекке өзіндік нөмір беріледі. Өзіндік нөмір бақылау-кассалық машинаға келіп түскен кезде машинадан бақылаудағы чек шығады да, сатып алушыға беріледі. Содан кейін фискалдық мәліметтердің операторы жүйелі түрде күнделікті соммалық есептерді әрбір кассалық-бақылау машиналары бойынша мемлекеттік кірістер комитетінің серверіне жіберіп отырады. Бұл жүйенің енгізілуі елімізде көлеңкелі айналымның көлемін қысқартумен қатар, тұтынушының құқығын қорғауда да үлкен роль атқарады. Сонымен қатар, кассалық-бақылау машинасы орнатылып, ол өз жұмысын дұрыс атқарып тұрған жағдайда, салық органдары тарапынан болатын негізсіз тексерулерге де жол берілмейді. Себебі, салық органдары кассалық-бақылау машинасы орнатылған сауда нүктесіндегі қолма-қол ақшамен жасалатын барлық операциялар бойынша «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы арқылы тиісті мәліметтермен дер уақытында қамтамасыз етіліп отырады.


Қазіргі уақытта кассалық-бақылау машиналарының мемлекеттік реестрге тіркелген жаңа үлгілерін аталмыш машиналарға техникалық қызмет көрсету орталықтарынан алуға болады. Сатып алғаннан кейін, біріншіден, фискальді мәліметтер операторының www.oofd.kz веб-ресурс порталынан қағазға шығарып алып, оны қол қою және мөрмен куәландыру арқылы фискальді мәліметтер операторымен келісім жасалады.


Екіншіден, жергілікті қызмет аймағы бойынша мемлекеттік кіріс органдарына өтініш жазу арқылы бақылау-кассалық машинасын тіркеу карточкасы беріледі.


Үшіншіден, бақылау-кассалық машина порталда тіркеледі де, ID және токен (таңбалаушы) нөмірі алынады. Бақылау-кассалық машинасын мемлекеттік кіріс органында және жоғарыда айтылған порталда тіркегеннен кейін бақылау-кассалық машинасын ID және токенмен авторластыру қажет. Осы жұмыстардың бәрі біткеннен кейін ескі кассалық машина мемлекеттік кіріс органының есебінен шығарылады да, жаңа қондырғы өз жұмысын бастайды.


Иә, бір қарағанда, бақылау-кассалық машиналарды орнатуда және тіркеу барысында  қиыншылықтар аз емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, ақпараттық технологиядан хабары бар адамға еш қиындығы жоқ.


Себебі, ХХІ ғасыр – автоматтандыру, жаңаландыру және ғаламтор ғасыры екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі уақытта бұл талаптар телекоммуникациялар жетілдірілген аймақтарда ғана жүзеге асырылып жатса, ертеңгі күні бүкіл селолық жерлерде де қанатын кеңге жаятын уақыт та алыс емес. Сондықтан да заман талабына сай салықтық сауаттылықты жетілдіріп, техникалық жетістіктердің көшінен қалып қоймаған абзал.


Тағы да бір айта кететін жағдай, бақылау-кассалық машиналарын орнату мәселесіне немқұрайды қарауға болмайды. Олай дейтініміз, кез-келген заң талаптары оны орындамаған жағдайда құқықтық шаралар қолдануды назардан тыс қалдырмайды. Себебі, заң – баршаға ортақ. Ал оны орындауға әркім  міндетті. Сондықтан да автоматты түрде мәлімет беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарын орнатпау, тіркемеу және тиісті талаппен дұрыс жұмыс істетпеу фактілері орын алған жағдайда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзу кодексінің 284 бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын да еске сала кеткен артық болмас.


 Бекен НҰРАХМЕТОВ, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары  басқармасының бөлім басшысы.


Рекомендовать
Последние новости