Кәсіпкерлер “Ежелгі Тараз ескерткіштері” музей-қорығының ғимараттарын заңсыз иемденіп алған

Қаракөз Амантай 27 мар. 2025 10:30 609

Жамбыл облысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі бес кәсіпкерге қарсы сотқа талап арыз беріп, заңсыз иеленген ғимараттарды босатуды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Музей-қорықтың иелігінде «Айша-Бибі» кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығымен бекітілген. Бұл аумақ әкімнің шешімімен тарихи-мәдени және рекреациялық мақсаттағы ерекше қорғалатын табиғи аймақ ретінде белгіленген.

Алайда бұл аумақта бірнеше техникалық ғимараттар салынған, ал бес кәсіпкер оларды заңсыз иемденіп, коммерциялық қызметпен айналысып келген. Жауапкерлердің сауда жасауға рұқсат құжаттары да, ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға құқығы да болмаған.

Төрт кәсіпкер талапты мойындамаған. Олардың бірі бұл ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін сауда жасау үшін тегін пайдалануға бергенін алға тартты. Ал бесінші жауапкер сот талаптарын мойындаған.

Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлердің қорық-музейге тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденгенін анықтап, талап қоюды қанағаттандырды. Сот кәсіпкерлерге аталған үй-жайларды босатуды міндеттеді.

Жауапкерлер бұл шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости