Кафканың «Қорғаны»

Dalanews 22 дек. 2016 12:29 979

Кафка бұл романды 1922 жылы қаңтардан бастап жазуды қолға алған. Қаңтардың 22-сі күні ол Шпиндлерув-Млиндегі шипажайға келіп дем алады. Шипажайда Кафка роман жазуды қолға алады. Автор шығарманы бірінші жақпен жазбақ болады да, ақырында ұзақ ойланып, шешімін өзгертеді. Ол өзінің досы Макс Бродқа 1922 жылы қыркүйек айында хат жазып, өзінің аталған романды жалғастырып жазуға ниетті емес екенін айтады.

Автордың өз қалауы бойынша роман осылай аяқталмай қалады. Кафка Бродқа романның қолжазбасын өртеп жіберуді өсиет етіп қалдырады. Бірақ, Брод досының өсиетіне «қиянат» жасап, «Қорған» романын 1926 жылы Мюнхенде бірінші рет басып шығарады.

Шығарманың К. атты бас кейіпкері халық шоғырлы қоныстанған қасындағы қорғанның басқаруындағы  ауылға келіп, қонақ үйге түседі. Қонақ үйде отырған қорғанның басшысының ұлы оны қонақ үйден қуып шықпақ болады. Бірақ К. өзінің жер өлшеуші болып жұмысқа шақыртылғанын, өзінің көмекшілерін күтіп жүргенін айтады. Қорғанға ресми рұқсат болмаса кіру мүмкін емес екенін біледі. Біраз өтпей өздерін жер өлшеушінің көмекшілеріміз деп атаған Иеремия мен Артур пайда болады. Бірақ К. оларды мүлде танымайтын болып шығады. Бас кейіпкер Ольганың көмегімен соның қонақ үйіне орналасады. Сол жерде қорғанның бастығы Кламмның көңілдесі Фридамен танысып, оны ұнатып қалады. Фрида қонақ үйдегі буфетшілік жұмысын тастап, К.-ның әйелі болады. К. ауылдың топ бастығына барады. Ол: «бізге жер өлшеушінің мүлде керегі жоқ», – деп айтады. Қорғанның әкімінен топ басшысына К.-ге  жұмыс беру туралы бұйрық келгенде, ол «жер өлшеуші керек емес» деп хат жазады. Бірақ қорғанның әкімінен жауап хат келмейді. Себебі, топ басының хаты оған барған, бармағаны белгісіз болып қалады. К. жұмыссыз отырып қалады. Оны жер өлшеуші етіп жұмысқа алмағанымен, топ басшысы оны мұғалім болуға көндіреді. К. амалсыз көнеді. К.-ның Кламммен сөйлескісі келіп, қонақ үйдің маңайында жолын ториды. Бірақ Кламм байқатпай келіп, кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін К. өзін жұмыстан шығарғалы жүргенін сезеді. Бірақ К. бұнымен келіспей, жұмыс орнын сақтап қалмақ болады.

Жалпы, Кафка өмірінде «Сот», «Америка», «Қорған» қатарлы үш-ақ роман жазған. Бірақ бұл романдардың үшеуі де толық аяқталмай қалған. Осы романдарының ішінде «Қорған» романының көлемі ең үлкен болып, Кафканың шығармашылық стилі барынша жетілген шығармасы. Сыншылар тарапынан да «ең негізгі шығармасы» деген ат алған. Макс Брод бұл романды «Кафканың фаусты» деп баға берген екен.

Романда бас кейіпкер К.-ның қорғанға кіру үшін талпыныстары баяндалады. Романның мазмұны өте терең және  оқиғалары ақылға сыймайтын бейнеде суреттеліп, басқаша бір дүние көз алдымызда пайда болады. Романда реалдылық пен реалсыздық, қалыпты сәт пен абсурд, қалыпты адамдар мен «біртүрлі адамдар»  шығарманың өн бойына сіңіп кеткен. Кейбір сыншылар бұл романды «сырлы сарай секілді жұмбақ, түсініксіздігімен оқырманның басын қатыратын шығарма» деп те атаған. Тағы бір шетелдік сыншы роман туралы былай деген екен: «Қорғанды» оқыған адам бірнеше бет оқығаннан кейін өзін қалың тұман ішінде ұшып жүргендей сезінеді. Бұл роман тілінің күрделілігінен емес, қайта романда бейнеленген оқиғалардың терең абсурдтық түс алуында».

 

Романда көптеген жұмбақ түс алған оқиғалар кездеседі, қорғандағылар ешқашан жер өлшеушіні қабылдамайды. Бірақ оның жер өлшеуші екенін мойындайды. К. үйден таңертең шығып, бір-екі сағат өтпей түн болып кетеді. Қорғанға қарайтын кент кішкене болса да, оны өте көп адам басқарады. Олардың санының көптігі өздері басқаратын кенттің халқынан да көп. Олар таңнан қара кешке дейін қолдары бір босамай қарбалас жүреді. Банабас деген кейіпкер өзі қалап хат тасушы болады. Ол  іс бітіретін орында күн-түн демей әлі белгісіз болған міндеттерді күтіп отырады. Кейде бір күткенде бірнеше жыл күтеді. Бірақ бір рет болса да хат тасымайды. Қалалық іс бітіру басқармасының бастығы Кламм К.-ға хат жазып, оның істеген жұмыстарына жоғары баға береді. Бірақ К. Кламм рақмет айтатындай ешқандай жұмыс тындырмаған болатын. Кейін бұл хаттардың бұрыннан архивте жатқан ескі хаттар екені сезіліп қалады. К. әртүрлі айла ойлап тауып, қорғанға кірмек болады. Бірақ көз алдында тұрған қорғанға жете алмай мысы құриды. Қорғанның бастығы кентте тұратын Амалия деген қызға ғашық болып қалады. Бірақ Амалия қорған бастығының талабын қабыл алмайды. Сол күннен бастап олардың отбасын қырсық иектейді. Қорғандағы басшылар оларға жаза қолданбаса да, бұлар өздерінен өздері кешірім сұрап барады.

 

Романдағы осындай жұмбақ тұстар оқырманды қайран қалдырады. Бірақ,  жазушы мен шығармадағы персонаж бұдан ешқандай ақылға сыйымсыздықты байқамайды. Міне, осындай  ешқандай субъективті түс алмаған, таза объективті баяндау  тәсілі таза Кафкалық стилді қалыптастырған.

Кафканың барлық шығармалары өте күрделі мәндерді өз ішіне ала отырып жазылған. «Қорған» романы дәл сондай шығарма болып, оқырманды басқа бір эстетикалық әлемге жетелейді.

Мысалы, Қорған – құдайдың және оның мейірімінің символы. К. қорғанға кіретін жолды іздейді және осы арқылы рухын құтқарғысы келеді. Бірақ оның соншалықты тырысуының бәрі селге кетеді. Өйткені құдайдың махаббатына зорлықпен қол жеткізуге болмайды. К. адамдар дүниесінен бойын аулақ ұстағанда ғана оған жететін еді.

Қорған – биліктің символы. Мемлекеттің билік жүйесінің кішірейтілген бейнесі. Бұл биліктегілер  қасыңызда ғана көрініп тұрғанымен, бірақ халықтың  назарында оған жету мүмкін емес. Роман бюрократиялық  түзімді ажуа тілмен бейнелеп берген.

Кафка өмір сүрген дәуірде Еуропада еврейлерді  қатты шетке қаққан еді. «Қорған» – еврейлердің барар жері жоқ, панасыздығының символы.  

К. ақиқат үшін күреседі. Адамдар күресетін ақиқат еркіндікті, әділеттілікті де өз ішіне қамтиды. Бірақ бұл – белгісіздік басым дүние. Мейлі, сіз қанша тырыссаңыз да ақиқатты таба алмайсыз, тырысқаныңызбен ең соңы жеңіліспенен аяқтайды.

К. – қоғам тарапынан шетке қағылған оқшау адам. Ол жоғары биліктің де, төменгі халықтың да санатына кіре алмайды. Ол бастан-аяқ бейтаныс адам бейнесінде қалады. К.-ның бұл хәлі арқылы қазіргі заман адамының тағдырын да көруге болады. Адамның әлеуметтік қоғам ішінде жасамай амалы жоқ,  бірақ қоғам оны өз ішіне тартпай сыртқа тебеді. Оны қабыл алмайды.

   «Қорғанда» Кафка мен әкесінің арасындағы қайшылық көрсетілген. Қорған – Кафканың әкесінің символы. К. қорғанға кірмекші болады, бірақ кіре алмайды. Осы арқылы бала мен әке арасындағы қайшылықты ашып берген.

Роман турасында  бейнеленген символдық пайымдаулар мұнымен бітпейді. Бірақ бұл пайымдаулардың ешқайсысын қате деуге келмейді. Кафканың шығармаларының бір ерекшелігі мәселені ортаға қояды, ол туралы жауап іздемейді.

Кафка – реализмді теріске шығарған талант иесі. Ол абсурдтық сезім арқылы түс секілді дүниенің шындығын ашып берген. Кафка: «Мен жазған дүниелер бір күні болмай қоймайды»  (Досы Макс Бродға жазған хатынан) деген. Кафканың айтқаны аз уақыт өтпей-ақ біліне бастады. Екінші дүниежүзілік соғыста көптеген адамдар Кафканың шығармаларындағы кейіпкерлер секілді жағдайға түскен. «Соғыс және соғыстан кейінгі реалдылыққа болған үмітсіздік, бұрынғы романтикалық қиялдарды  лақтырып тастау,  өндірістік, технологиялық жетістіктерге ұмтылу... Бір жерге шоғырланған билік жүйесінің жағдайы... Міне, осының бәрін Кафканың алдын ала айтқан хикметтерінен табуға болады. Макс Брод: « Қафканың «Қорған» романы – дүниенің кішірейтілген нұсқасы. Романда  ұқсас бір типке тәуелді  адамдардың өмір үшін күрестері терең бейнеленген. Әр оқырман өз жан дүниесін шығармадан көргендіктен, Кафканың «Қорған» романында  бейнеленген образдары характерінен алқып шығып, әр адамның өз тұрмысын дәл бейнелейтін шығармаға айналған», – дейді.

    Кафка жазған нәрселер бүтін адамзат үшін ортақ болғандықтан, оның шығармалары сол үшін кең таралған. Кейбіреулер Кафканы «Ең түсінікті шығарма жазатын жазушы» деп атауы да тегін емес.

 «Солақайлар» әдеби клубы


 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости