"Жұт келе жатыр...". Танымал қайраткер дабыл қақты

Dalanews 11 июл. 2021 03:34 893

Қанша жерден «аграрлы мемлекетпіз» деп күпінсек те, бабалардың ғасырлар бойы сынақтан өткен тәжірибесінен үлгі алып, мал шаруашылығына қатысты ұлттық үрдістерді сақтап қалмаған соң, бәрі бекер екен ғой.

«Ақбастының азабы» деген мақала жариялап, ерте көктемде, жұрттан бұрын дабыл қаққан біз едік. Мен ол жерде бір ауылдың ғана жағдайын айттым, сол арқылы малдың жаппай қырылу қаупін көрсеттім. Сол кезде бір адам міз бақпаған еді. Енді, міне, мәселе күллі Қазақстан бойынша көтеріліп жатыр.
Осы біз тағы да қолымызды мезгілінен кеш сермеп, кешеуіл тартып қалған жоқпыз ба? Жаз ортасында қара жерден қылтанақ таппай ашығып, қаңқасы ғана қалған малға шөп жеткізумен мәселе толық шешіле ме? Біз маман емеспіз, десе де бишікештер осы жағын әлде де індету керек сияқты. Әйтпесе «Мал ашуы – жан ашуы» деп, көп адам кіжініп отырғанға ұқсайды. Әрине, табан ет, маңдай термен жиған малдан қол үзіп қалу кім-кімге оңай емес.

Жұт өз нышанын, яғни келе жатқанын, тіпті танау астына таяп қалғанын биыл емес, былтыр білдірді. Күзде тамшы тамбай қойды, құмшауыт өңірлерде жерге тоң түскен жоқ, топырағы шығып, қопсып жатты. Бұрынғының мыңды айдаған мыңғырған байларының қасындағы атақты жұлдызшылар болса, қыста малдың қоңы бар кезде толайым саттырып жіберген болар еді. Өйткені бай малының бір жұттық екенін бабалардың қақсап айтуының кемі болған емес. Ондай тәмсілді ұмытқан бүгінгінің мал иелері қимастықпен көктемді күтті. Алланың бұйрығына не шара, наурызда ылғал тамып жарымады. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген үмітті шаруа тағы алданды. Өздерін «Биыл көк кеш шығайын деп тұр-ау» деп жұбауратты. Ақыры, міне, аяғы жаппай қуаңшылыққа ұласты.

Біздің қазақ жұт деп қыстағы қалың жауған сере қар мен мезгілсіз жаңбырдың әсерінен болған мұздақты атауға қалыптасқан. Бұл жолы ахуал мүлдем басқаша болып шықты. Табиғат-ана тосын мінез танытты, әуелі судан, оның ақырында шөптен қысты. Енді келіп, «Үкімет қайда қарап отыр?» дегіміз келеді. Кейбіреулер «Мал сүмесінің рақатын көріп келген сол шаруаның өзі қайда қарапты?»деп шапшып жатыр.

Шынтуайтына баққанда, мал өсірген жұрт табиғаттың да тілін түсінуі керек еді ғой. Жоқ, олай болмай шықты. Сөйтсек, қаншама жыл әлеуләйімге басы айналған халық ата дәстүрден де қол үзіп қалыпты. Өкінішті!


Алланың жіберген табиғи апатына енді кім не істей алмақ?! Амал жоқ, мемлекет басшысына жүгінесің, басқа жүгінетін кімің бар? Ең болмаса, мүмкін, осы жолы қазақтың малын сақтап қалуға жәрдемі тиер?!

Батыс өңірінен, әсіресе Маңғыстаудан басталған жұт қазір Арал, Шалқарды көктей өтіп, Қызылорданың біршама аудандарын шарпып келе жатыр. Ортадағы Ақтөбенің жағдайы нешік екені белгісіз. Өйткені көп жерлер толық ақпаратпен бөлісіп отырған жоқ. Қазір Түркістан облысындағы мал шаруашылығымен айналысатын бауырлар төрт түлікті жаппай сата бастапты. Маңғыстау мен Қызылорда малдың басын сақтап қалу үмітімен ірі қараның төлін – құлын мен ботаны енесінен айырып, тегіс сатып жатыр. Қуаңшылықтан бүгінде Жамбыл облысы да құралақан емес сияқты.

Шіліңгір шілдең болса мынау, дүниені шыжғыра бастады. Малды қайдам, мына күннің аптабы адамның миын қайнатып барады. Оның үстіне жер-жерде аты өшкір індетпен алысып жатыр. Өзі қабырғасы қаусап қалған түліктің қалған қанын маса, сона сорып, дымын қалдырмауға айналды. Суы тапшы өңірлерде батпаққа батып өлу, қалғанын қасқыр жеу деректері де орын алып жатыр. Осының бәрін қорытып, сауатты сараптама жасап, мәселені мемлекет, үкімет деңгейінде көтеріп жатқан БАҚ көрмедім. Сонда бұл қалай болғаны?

Міне, Батыстан басталған жұт бүгінде Оңтүстікке жетті. Осы қарқынмен жыландай жылыстап отырып, оның Орталық пен Солтүстікке өтіп, олардың да аяғын бір етіктің қонышына тықпасына кім кепіл?


Жылда осы кезде шалғыны белден болып, құлпырып жататын Алматы облысы аумағындағы Шалкөде жайлауында да биыл тобыққағар бірдеңе шығыпты. Әрине, салыстырмалы түрде ол жердің ахуалы әзірге әлхам шүкір. Бір сөзбен айтқанда, шөп жоқ, жұт жолындағыны жайпап, жылжып келеді!

...Жақсы, жаздай қаусаған төрт түліктің аштықтан аман қалғаны бұйырса қоңыр күзге де ілігер. Биыл қыркүйек жаңбырлы болса, күн қатаямын дегенше күзгі шуақпен жер көктеп кетуі де мүмкін. Төрт түлік сол кезде көгін алып, битін бір малып қалар-ау деген үміт қой. Ондай да ғажап болуы мүмкін ғой.

Болмаса, арғы жағында қылышын сүйретіп қыс келсе, ол сарышұнақ аязға ұласса. Жаздай қылтанақ қалмаған жерге омбы қар жауса, жағдай қалай болмақ? Аман қалған тулақтың қалғанын сонда қырып алып, ақ таяғымызды ұстап, бірыңғай сақал сипап қалмаймыз ба? Жоғарыдағы жолдастар, ойланайық, бұл қазақтың малынан басқа жұбанышы аз, елдің ендігі үміті өздеріңізде!

Берік Жүсіпов


Рекомендовать
Последние новости