Жетісудағы С.Сейфуллин кітапханасына оқырмандар биыл 4 мыңдай кітап сыйға тартты

Жарбол Кентұлы 08 апр. 2024 11:16 2119

Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасындағы кітап қоры «Кітапханаға кітап сыйла» акциясының аясында биылғы жылдың үш айында 4 мыңға жуық кітаппен толыққан. Акцияға жеке оқырмандармен қатар мекемелер мен ұйымдар да атсалысуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облыстық кітапхананың мәліметіне сүйенсек, «Кітапханаға кітап сыйла» облыстық акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Халықтың рухани байлығын еселеу, кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған акцияға белсене қатысушылар қарасы көп.

– Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана, «Даналық» қоғамдық қоры, З. Сәнік атындағы мәдени қор, «KIT» іскерлік орталығы және басқа да мекеме-ұйымдарға, жеке азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Әсіресе облыстық қоғамдық даму басқармасы жанындағы «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының бізге 500 дала кітап тапсырғанын ерекше атап өтуге болады, – деді С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың директоры Самал Шаяхметова. 

Оған қоса жыл басында өткізілген «Жетісу кітап керуені» шарасында да жеке авторлар біршама кітаптарын сыйға тартқан. Сол сияқты кітаптар Жетісу облысы аумағымен қатар Астана, Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан да жолданған. Кітап қорын толықтырған баспа өнімдерінің басым бөлігі көркем әдебиет, дегенмен олардың ішінде ауыл шаруашылығы, экономика, іскерлік, тарих, тіл үйрету салаларына арналған ғылыми-танымдық және әдістемелік кітаптар да бар.

– «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы Сейфуллин кітапханасына 500 дана кітап тапсырдық. Олар – негізінен тіл үйретуге байланысты әдістемелік кітаптар, филология факультеттеріне оқуға түскісі келетін жастарға қажетті әдебиеттер. Орталық Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен меморандумға отырған. Соның негізінде институттан жолданған кітаптардың бір бөлігін оқырманы көп мекеме ретінде кітапханаға тапсыруды жөн көрдік, – дейді «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы» КММ директоры Жеңіс Жолдыбай.

Атап өтсек, акция асында 2022 жылы С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға 196 дана кітап берілсе, 2023 жылы сыйға тартылған кітаптардың саны 2400-ге жуықтаған. Биылғы жылдың үш айының өзінде кітапхана қоры 3843 дана кітаппен толығып отыр. Ал жалпы аталмыш кітапхананың кітап қоры бүгінгі күні 200 мыңнан асады.


Рекомендовать
Последние новости