Жетісу. Еркін ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Dalanews 07 апр. 2021 17:42 1306

Алматы облысы Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының 15 мыңға жуық тұрғыны бүгін қуанышқа кенелді. Ауылда бір ауысымда 100 адам қабылдауға лайықталған жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Еске салсақ, жергілікті тұрғындар облыс әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынында осы мәселені көтерген болатын. Кейін бұл әлеуметтік маңызды жоба «Nur Otan» партиясының сайлауалды өңірлік бағдарламасына енгізіліп,  бүгін, міне, жаңа нысан пайдалануға берілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін амбулатория 1964 жылы салынған кішкентай ғимаратта болған. Қазіргі жаңа ғимарат екі қабатты, аумағы 1000  шаршы метр, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Жаңа амбулаторияда УЗИ, ЭКГ бар, сол сияқты стоматолог маман да осында. Бұрын бұл қызметтер үшін еркіндіктерге

Талдықорғанға баруға тура келетін. Мұнда жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге, акушер-гинекологқа, стоматологқа, психологқа арналған кабинеттер, балаларды дамытуға арнап жабдықталған бөлме, скрининг өтетін кабинет, УЗИ зерттеуі, 2 егу бөлмесі мен 2 процедуралық бөлме, массаж және физиокабинеттер, сол сияқты мәжіліс залы қарастырылған. Сондай-ақ «таза» және «лас» аймаққа бөлінген фильтр бар. Егу пунктінде әрбір ниет білдіруші коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыра алады. Амбулаторияда Еркін және Көктал ауылдарын қосқанда барлығы 18 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Штатта 42 медицина маманы жұмыс істейді.

Жаңа амбулаторияға арнайы барған Амандық Баталов құрылыс сапасы мен нысанның материалдық-техникалық жабдықталуына оң баға берді. Сол сияқты ол жуырда амбулаторияға жаңа жедел жәрдем машинасы берілетінін де айтты.

– Еркін ауылының тұрғындары өткен жылғы есепті кездесуде ауылға жаңа амбулатоия керек деген мәселе көтерген еді. Соған байланысты тиісті басқармаға тапсырма бердім, сөйтіп, бір жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен жаңа амбулатория салынды. Қазір халыққа қызмет көрсетуге дайын. Нысан сапалы салынған, заман талабына сай құралдармен жабдықталған. Елбасы мен Президенттің алға қойған басты міндеттерінің бірі – халықтың денсаулығын нығайтуға жаңа нысан қызмет ете берсін, – деді А.Баталов.




Жергілікті тұрғын, еңбек ардагері, медиатор Шолпан Мұсанова әсерін бөлісіп, тілегін білдірді:

– Өткен жылы жаңа заманауи амбулатория салып береміз деп уәде беріп еді, биыл, міне, қолданысқа беріп отыр. «Айтты, жасады», - деуші еді ғой. Сөз бен істің бір жерден шыққанына қуаныштымыз. Ел басшыларына, облыс басшылығына халықтың денсаулығына қамқорлық жасағаны үшін рақмет айтамын. Енді қалаға сабылып жүрмей-ақ, керекті медициналық қызметті өз ауылымызда да ала аламыз, – деді ол.

Атап өтсек, медициналық қызметтің қол жетімділігін арттыру мақсатында биылғы жылы Жамбыл және Қарасай аудандарында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2 дәрігерлік амбулатория, сол сияқты облыстың әр түкпірінде блокты-модульді конструкциядан 20 медпункт салынады. Облыста өткен жылы барлығы 14 денсаулық сақтау нысаны тұрғызылды, соның 8-і – дәрігерлік амбулатория, 1-еуі – медициналық пункт.

Рекомендовать
Последние новости