Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы IMEI-кодтар бойынша мобильді құрылғыларды верификациялаудың жаңа жүйесі конкурссыз таңдалып алынған "ATS mediafon KZ" жеке компаниясының ұсынуы бірқатар сұрақтар туғызатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол депутаттық корпус атына жеке құрылым "ATS Mediafon KZ" ЖШС арқылы жүзеге асырылатын IMEI – кодтар бойынша мобильді құрылғыларды мәжбүрлеп верификациялауға қатысты шағымдар көптеп келіп түсіп жатқанын айтады.
Айта кетсек, наурыз айының соңында Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгерді. Қазір IMEI-ді тіркегені үшін импорттаушылардан 3 932 теңге мөлшерінде алым алынады. Ол Қарағанды облысы мәслихатының депутатымен байланысты "ATS Mediafon KZ" ЖШС-ның шотына түседі. Елімізге 4 миллионға жуық құрылғыны әкелуді ескерсек, жыл сайын бұл қызметтен шамамен 15 млрд теңге табыс түседі екен.
"Өздеріңіз білетіндей, осы компания арқылы міндетті тексеру рәсімі бір айдан аз уақыт бұрын іске қосылды, алайда IMEI-ді тіркеу жүйесі әрқашан жұмыс істеп келген. Нарық қатысушыларының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанда көлеңкелі аймақта 12 млн құрылғы бар және верификация үшін белгіленген төлем мөлшері – әрқайсысына 3932 теңге болуы заңды сауал туғызады. Өйткені бұл қызметті мемлекеттік мәртебесі жоқ, ешқандай конкурсқа қатыспаған, ресми мандаты жоқ жеке компания көрсететінін ескерсек... Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан нарығындағы мобильді құрылғылардың 75%-ы ресми кедендік рәсімдерден тыс әкелінеді, бұл 150 млрд теңгеге дейін бағаланатын мемлекеттік бюджеттің жүйелі шығындарын қалыптастырады", - деді Болатбек Нәжиметдинов.
Оның айтуынша, қазіргі верификация жүйесі шекарадағы бақылаудың орынын басы, көлеңкелі импорт үшін жауапкершілікті азаматтар мен бизнестің мойнына жүктейді. Сонымен қатар, аталған тетіктің өзіне қатысты түсініксіз жайт көп: компания бұл функцияны конкурссыз және ресми мандатсыз алып отыр, ал оны іріктеп алу критерийлері ашып айтылмайды, қызмет бағасы біржақты тәртіппен және негіздемесіз белгіленген, ал дербес деректерді жинау (ЖСН, ТАӘ, Телефон нөмірі, IMEI) дербес деректерді қорғау туралы заңда көзделген негіздерсіз жүргізілуде.
Депутаттың пікірінше, мұндай схеманы қолдану мемлекеттік органдардың кемшіліктерін жоюдың орнына олардың салдарын заңдастыруды білдіреді.
"Бұл жағдай e-Qurylys кейсіне ұқсас: цифрлық қызмет, жеке платформа, бәсекелестіктің және ашықтықтың болмауы. Осыған байланысты "ATS Mediafon KZ" ЖШС қандай негізде IMEI-кодтарды міндетті верификациялау функцияларын жүзеге асыратынын түсіндіруді сұраймын. Осы компанияға тиісті өкілеттіктер берілгенін растайтын нормативтік құқықтық актілер де көрсетілсін. Іріктеу процедурасы өткізілгенін және кім шешім қабылдағанын да айтыңыздар. 3932 теңгенің құны кіммен және қандай негізде белгіленген? Оның экономикалық немесе құқықтық негіздемесі бар-жоғын көрейік. Азаматтардың дербес деректерін жинау және өңдеу қандай негізде жүзеге асырылатынын және тиісті келісімдердің қандай ерекшеліктері бар-жоғына қатысты түсініктемені де күтеміз", - деп сөзін толықтырады Болатбек Нәжіметдинов.
Сондай-ақ ол құзырлы органдардан бұл схеманың қолданысын тоқтата тұруға, верификация функциясын уәкілетті мемлекеттік органға беруге, сондай-ақ заңсыз өндіріп алынған қаражатты кәсіпкерлер мен азаматтарға қайтару мүмкіндігін қарастыруға шақырады, егер, әрине заңнаманы бұзушылықтар анықталған жағдайда.