«Жас маман» – бұл ел экономикасына білікті кадрлар даярлайтын бірегей жоба

Dalanews 14 мая 2021 04:14 2026

Қазіргі таңдағы жаһандану мен индустрияландыру жағдайында экономиканың барлық салалары үшін кадрлар даярлау мәселесі еліміз үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.Барлық дамыған елде өндіріс пен бизнес үшін кадрлардың негізгі техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі ТжКБ) жүйесі болып табылады. Біздің Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов сұхбаттасудағы басты мақсатымыз – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселелерін кеңінен талқылауға айрықша көңіл бөлдік.  Бұл ретте ТжКБ саласында қандай жаңалықтар енгізілгенін, мектеп түлектері мен қзге де жастар қандай игіліктерге үміт арта алатынын білуге тырыстық.

 

Ерұлан Серікұлы, бүгінде ТжКБ жүйесі жайында сөз қозғағанда «қаржы студент артынан жүреді» деген жаңа механизм жайында жиі естиміз. Мұны қалай түсінуге болады? Жалпы жаңа жүйе қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берсеңіз?

– Жаңа жүйе колледждің бренд-имиджі туралы, колледждің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлеуетті талапкерлер, яғни біздің тұтынушылар үшін оның тартымдылығын арттыра түсетінін атап айтуға болады. Егер колледж білім алушылардың, ата-аналардың, әлеуметтік серіктестердің сеніміне ие болса, онда талапкер сол оқуға түсіп, білім алу үшін міндетті түрде сол колледжді таңдайды.

Ал ТжКБ жүйесінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі бірнеше жылдан бері тәжірибеден өтуде. Бұл колледждің жалпы контингентін ескеріп, бір студентке арналған қаржыландыру сомасы анықталады. Яғни, колледжді таңдаған кез келген талапкер өзімен бірге колледжге қаржыландыру әкеледі, осылайша колледжде жалпы даму үшін көбірек мүмкіндіктер пайда болады.

Ағымдағы жылы колледждерге түсу шарттары өзгерді ме?

– Иә, 2021 жылы бірінші кезекте бұл мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және орналастыру қағидаларына, яғни, бюджет арқылы оқыту есебінен өзгерістер орын алды. Жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссиясы, халықты жұмыспен қамту орталығы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған кадрларға қажеттілік нәтижелері бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптасады.

Осыдан кейін ғана мемлекеттік тапсырысқа талапкерлердің саны, қандай мамандықтар мен біліктіліктер және мемлекеттік тапсырыс қай колледждерге бөлінетіні анықталады.

Әсіресе бұл өзгерістер орта буын мамандарын (технологтар, менеджерлер, техниктер және т.б.) мен жоғары колледждердегі қолданбалы бакалаврларды біліктілікке қабылдау бойынша енгізілген.

Дәл осындай біліктіліктерге талапкерлер өнірлік Білім басқармасының ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ББАЖ) арқылы өтініш беріп, бейіндік пәндер бойынша бағаларды саралау арқылы мемлекеттік тапсырыс айқындалады.

Ал педагогикалық, шығармашылық, медициналық мамандықтар бойынша колледждерде алдын ала шығармашылық немесе арнайы емтихандар өткізеді. Олар да кейіннен саралау кезінде өтетінін айта кетуіміз керек.

Өтініш берген кезде әрбір талапкердің ББАЖ-де алдын ала кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі бар және оған қай мамандық ең қолайлы екендігі туралы кәсіби ұсыныс алуына болады. Бірақ бұл тек ұсынымдық сипатта болатынын ескертеміз.

Сондай-ақ, ББАЖ тапсыру кезінде талапкерге грант алу үшін 2 колледжді және 2 біліктілікті таңдау мүмкіндігі берілген.

Ауылдық елді мекендерде орналасқан колледждерге, рухани (діни) білім беру ұйымдарына, қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарына, сондай-ақ жұмыс біліктіліктері бойынша дайындық жүргізілетін колледждерге қабылдау ББАЖ өтінім беру рәсімінсіз, талапкерлерді колледждердің базасында нақты қабылдау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

Яғни, жұмысшы біліктілігіне оқуға қабылдау өзгеріссіз қалды және колледждер базасында өтініш беру, одан кейінгі әңгімелесу арқылы жүзеге асырылады.

 Ерулан мырза, жаңа бастамалар аясында ТжКБ жүйесіне «Демонстрациялық емтихандар» деген ұғым енгізіліп жатқанын естідік. Бұл сынақтың қыры мен сырын қысқаша түсіндіріп берсеңіз?

– Демонстрациялық емтихан – бұл халаықаралық WorldSkills стандарттарының талаптарына сәйкес нақты жағдайларда емтихан тапсырушылардың білімін, білігін және практикалық дайындығының деңгейін анықтау үшін қажет сынақ. Айталық, аралық немесе қорытынды аттестаттау қорытындысы бойынша білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейі бағаланады.

WorldSkills – бұл халықаралық коммерциялық емес қозғалыс, оның мақсаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, дүниежүзінде кәсіби білім беру саласын дамытуды көздейтін ұйым.  WorldSkills – бұл жұмысшы мамандықтарының халықаралық чемпионаты.

Демо-емтихан біздің дәстүрлі біліктілік емтихандарынан келесу түрде ерекшеленеді:

- негізгі айырмашылық WorldSkills стандарттарының талаптарын бағалаудың заманауи мультикритериалдық әдісімен пайдалану болып табылады;

- бағалауға студенттің/түлектің дайындығының сапасына және оның мүмкіндіктеріне көз жеткізетін жұмыс берушілер де, тиісті бейіндегі тәуелсіз сарапшылар да қатысады;

- CIS (Competition Information System) жүйесін пайдалану – бұл демо-емтихан кезінде бағалау мақсатында ақпаратты өңдеуге арналған халықаралық мамандандырылған бағдарламамен қамтамасыз ету, оны WorldSkills International чемпионаттарында әлемдік тәжірибеде пайдаланады.

- демо-емтихандарға арналған тапсырмаларды жұмыс берушілерден, тәуелсіз сарапшылардан және колледж педагогтерінен тұратын сараптамалық топ әзірлейді;

- демо-емтихандардың қорытындысы бойынша студенттер/түлектер құзыреттілік паспортын (Skills Passport) алады. Паспорттарда студент/түлек қанша балл және қандай кәсіби шеберлік пен дағды үшін баға алғаны көрсетіледі. Жұмыс берушілер және ата-аналар WorldSkills  Kazakhstan сайттында (www.worldskills.kz) емтихан тапсырушылардың төлқұжатымен танысуға мүмкіндіктері бар.

Қазіргі таңда кәсіптік білім беру саласында «дуальды оқыту» жүйесі кеңінен қолданып жатқанын білеміз. Еліміздегі колледждерде «дуальды оқыту» ісі қалай жүзеге асып жатыр?

– «Дуальды оқыту» колледжде оқытуды жұмыс берушілер кәсіпорнындағы практика кезеңдерімен, сондай-ақ жұмыс берушілердің, білім беретін орнының және студенттің тең жауапкершілігімен білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынумен және өтемақы төлеумен үйлестіретін кадрларды даярлау жүйесі болып табылады.

Бүгінгі таңда колледждерде «дуальды оқытуды» (ДО) енгізудің барлық алғышарттары мен мүмкіндіктері, оның ішінде белгіленген регламенттер мен ережелерімен нормативтік-құқықтық жүйесі қалыптасқан.

ДО жұмыс берушілер үшін өз қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, «өздеріне» кадрлар даярлай алады. Осы оқыту тәсілі аясында колледж түлектерінің еңбек нарығының қажеттіліктеріне барынша сәйкес келуіне қол жеткізіледі. Бұдан басқа, кәсіпорындар өздеріне кадрларды іздееп, іріктеуге, оларды қайта оқытуға және өндірістік жағдайларда бейімдеуге қаражатты үнемдейді. Сондай-ақ, ДО ең жақсы студенттерді таңдауға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейін колледж түлектері кәсіпорынға жұмысқа орналасуына кепілдік береді.

Қазіргі уақытта ДО – Германия, Австрия, Италия, Швейцария сондай-ақ Сингапур, Оңтүстік Корея және өтпелі экономикасы бар басқа да елдердің экономикалық табыстылығы факторларының бірі болып табылады. ДО – бизнес пен мемлекет, колледждер мен кәсіпорындардың өздеріне алған ортақ жауапкершіліктерінің нәтижесі.

ДО енгізу кезінде колледждер өздерінің оқу жұмыс жоспарларын алдын ала жұмыс берушілермен келісіп, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасынан мақұлдайды. Бүгінгі таңда білім беру бағдарламаларының жұмыс берушілердің өздерінің талаптарына сәйкестігі мақсатында барлық білім беру бағдарламалары әрбір колледж базасында құрылған индустриялық кеңеспен келісілетін болады.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша 43 колледжде 38 мамандық бойынша 351 серіктес кәсіпорындармен бірлесіп ДО нысаны бар кадрларды даярлау жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ДО бойынша студенттерді қамту 4790 құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1290 адамға көп.

2021-2022 оқу жылында Алматы қаласы Білім басқармасымен ДО бойынша 8000 студентке дейін қамтуды ұлғайту, 9 және 11-сыныптар базасында білім алушыларды көбінесе жұмысшы біліктіліктері бойынша қабылдауды ұлғайту және ДО бойынша колледждермен ынтымақтасуға дайын кәсіпорындар үлесін ұлғайту жоспарлануда.

Бүгінде «Жас маман» жобасы қызу талқылануда. Колледждерге материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңғырту, басқа да бірқатар мәселелер бойынша қолдау көрсетілуде. «Жас маман» жобасы туралы айта кетсеңіз?

– Иә, «Жас маман» жобасы – бұл ел экономикасы үшін кадрлар даярлау бойынша ТжКБ жүйесін дамыту жөніндегі бірегей жоба. 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын іске асыру аясында еліміздің 180 колледжі мен 20 жоғары оқу орны сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік мамандық, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу бойынша «Жас маман» жобасына енді. Іріктеу қатаң өтті, онда ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдерінен, жұмыс берушілерден тәуелсіз сарапшылардан тұратын комиссия болды. ТжКБ жүйесінің өкілі ретінде қазір колледждерге қатысты бойынша айтайын.

«Жас маман» жобасының негізгі міндеті – бұл:

- жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Бұл халықаралық стандарттар негізінде жасалған білім беру бағдарламалары;

- колледждердің кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық стандарттар талаптарына сәйкестігіне халықаралық аккредиттеуден өтуі;

- тәжірибені жинақтау үшін халықаралық деңгейде танылған шетелдік әріптестерді колледжге тарту. Колледж басшылары мен педагогтарын біліктілікті арттыру курстарынан өту;

- колледжді жаңғырту үшін инновациялық жабдықтар сатып алу;

- WorldSkills стандарттары бойынша құзыреттілік орталықтарын құру және салалық қауымдастықтардың халықаралық стандарттары бойынша кадрларды сертификаттау;

- ТжКБ жүйесінің және Worldskills Kazakhstan ұлттық қозғалысының беделін көтеру.

Енді бір тоқтала кететін мәселе, ТжКБ жүйесінде «Академиялық дербестік» ұғымы енгізілетіні белгілі болды. Сіздің ойыңызша, колледждердің «Академиялық дербестігі» неде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру шеңберінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ТжКБ жүйесіне академиялық дербестік енгізіліп, кредиттік оқыту жүйесіне көшу жүзеге асырылады. Жан басына нормативтік қаржыландыру енгізілді. Бұдан басқа техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау, оның ішінде NEET санатындағы жастар, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, ауыл жастары үшін мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылғанын айта кетуіміз керек.

Колледждердің академиялық дербестігі – бұл ең алдымен бүгінгі күннің ТжКБ жүйесіне қажеттілігі. Бұл ТжКБ мазмұнына икемділікті енгізу. Кадрларды даярлау жүйесі еңбек нарығының даму динамикасына бейімделуге әрдайым үлгере бермейді.

Яғни, бүгінде ТжКБ жүйесінде быраз кемшіліктер бар:

- үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптары мен студенттердің қажеттіліктерін толық ескеруге мүмкіндік бермейді;

- үлгілік жоспарлардың оқу жоспарының қатаң торы дуальді оқытуды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді;

- еңбек нарығына шығатын студенттер үшін жеке траекториялар бойынша оқу мүмкіндігі жоқ;

- оқу мерзіміне қатаң байланыстырылған (1 жылдан 10 айдан бастап 3 жыл 10 айға дейін), ол жұмыс берушілер мен нарықтың қажеттіліктері бойынша біліктілік алуға мүмкіндік бермейді.

Бүгінде кәсіптік стандарттарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік беретін ТжКБ мазмұнына икемділікті енгізу тетігі пысықталды. Оқыту нәтижелері бойынша кредиттерді пайдалану (ECVET халықаралық әдіснамасына сәйкес), формальды және формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін қайта есепке алу, WorldSkills стандарттары бойынша кәсіби құзыреттілік деңгейін бағалауды енгізу мүмкіндігі бар. WorldSkills деген не екенін мен жоғарыда айтып кеткем болатынмын.

Колледждерде «Академиялық дербестікті» енгізу шеңберінде не жасалғанын атап өткім келеді:

- ТжКБ Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты жобасы әзірленді, онда оқу мерзімдері алынып тасталды, жалпы білім беретін пәндерге, базалық және кәсіптік модульдерге қойылатын талаптар, формальды және формальды емес білім берудің алдыңғы деңгейінің оқыту нәтижелерін қайта есептеу мүмкіндігі, бағалаудың балдық жүйесін енгізу, оқыту нәтижелері бойынша кредиттерді есепке алу, оқу жоспарының жаңа моделі өзгертілді;

- «Talap» КЕАҚ жанынан бірыңғай ақпараттық білім беру жүйесінің базасында білім беру бағдарламаларының тізілімі құрылады;

- барлық колледждерде жұмыс берушілер мен басқа да мүдделі тараптардың салалық қауымдастықтары қатарынан Индустриялық кеңестер құрылды;

- «Академиялық дербестікті» енгізу бойынша дайындық бейіндерін ескере отырып, өңірлер бойынша колледждер үшін оқыту семинарлары өткізілді, бұл Нормативтік құқық актілерге, Білім беру бағдарламалары тізіліміне өзгерістер, оларды әзірлеу және енгізу жұмыстары болды;

- Жаңа Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт, кәсіптік стандарттар мен Worldskills стандарттарының ережелерін ескере отырып, ТжКБ білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша әдістемелік ұсыным әзірленді;

- ECVET әдіснамасы элементтерін ескере отырып, ТжКБ білім беру бағдарламасының құрылымы әзірленді;

- оқу жоспарының жаңа моделі жасалды;

- колледждерге оқуға қабылдау ережелеріне түсу емтихандарын алып тастау қарастырылған және т.б.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Назым РЫСБЕТОВА.

Рекомендовать
Последние новости