ЕҰУ және Елтаңба авторы

Dalanews 14 мая 2021 07:19 2179

Биыл мамыр айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне  25 жыл толады. ЕҰУ осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен екі жоғары оқу орны – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуі негізінде құрылған. Сол жылдары мұнда 5 мыңдай ғана студент оқып, 300-ге жуық оқытушылар жұмыс істесе, бүгінде ЕҰУ мықты инфрақұрылымдарымен дамыған, оқу-зертханалық ғимараттарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, әлеуметтік әрі мәдени бағыттағы нысандармен толыққан оқу ордасы. Қазір мұнда 20 мынан аса  студент білім алады, 3500-ден астам қызметкерлер жұмыс атқарса, олардың 1500-і профессор-оқытушылар құрамының өкілдері. Осының бәрі Еуразия ұлттық университетінің білім беру ісі мен ғылыми әлеуетін арттыруға өзіндік үлесін қосып жатқаны анық. 

Біздің тілішіміз Елтаңба авторы, ЕҰУ профессоры Жандарбек Мәлібеков пен шәкірті Гүлниса Меркебайға жолығып, әңгімелесін қайтқан  еді.

 

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ, Елтаңба авторы, ЕҰУ профессоры:

-Қашанда сөз бастау қиын, десе де мен қашан және қай жерде  болмасын әңгімемді биыл 30 жылдығы аталып өтіп жатқан Ел Тәуелсіздігінен бастағанды жөн көремін. Себебі, менің өмірім мен өнерім және өзім қызмет ететін  ЕҰУ-да осы Тәуелсіздікпен байланысты .

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елтаңба нұсқасын жасауға байқау жарияланғаны белгілі. Несін жасырайын, өзге елде, Өзбекстан жерінде жүрсем де, елдегі жағдайға көңілім елеңдеп, бей-жай қарай алмадым. Негізгі мақсатым – байқауда жеңу емес, Елтаңба арқылы халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, жалпы, қазақи болмысын көрсету еді. Аллаға мың да бір шүкір, байқауға ұсынылған 293 жобаның ішінен менің жобам қабылданды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет, содан кейін мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм   Әбіш Кекілбаевтың Елтаңбаны еліміздің басты нышаны етіп қабылдарда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ол ұмытылмақ емес. Өйткені, депутаттардың ішінде ұлттық нақыштарға тиіскендер көп болды, ақыры 306 депутатың 237-сі жақтап дауыс берді. Оның өзі Әбіш Кекілбаевтың депутаттарға: «Сендер қандай адамсыңдар, ұлттық нақышқа, тұлпарға, шаңыраққа тіл тигізетін» деп сөйлегенінен кейін ғана барып көбейді. Несін жасырайын, сол кездегі қуанышымда шек болмады.

2001 жылы кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдім. Бұл – әлемде теңдесі жоқ, жаңа дәуірдің жаңа қаласы. Шетелдік қонақтар  бұл қаланың адамға жаңа қуат беретінін айтады. Шынында да бұл қала – татулықты, достықты білдіретін қала болып қалыптасты.

Менің қолымнан шыққан жобалар Өзбекстанның барлық қаласында бар. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында да жетерлік, түлеп, түрленген Түркістанда да тұр. 2017 жылы өткен халықаралық EXPO көрмесіне де менің ұлттық нақыштағы жобаларым енгізілген.


Мен өзім «астаналық» деген атты арқалау – үлкен жауапкершілік, деп санаймын. Ойлау деңгейің, жұмыс істеу қабілетің өзгеше болады. Себебі, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан– қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы армандаған қаласы. Осы қаланың шырайын кіргізіп тұрған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, өйткені мұнда білім берумен қатар, еліміздің болашағына қатысты көптеген игі іс-шаралар жиі өтіп тұрады.

Әрине, университет ашып, оны барлық қажетті оқу-әдістемелік, материал­дық базамен, оқытушылар құрамымен қамтамасыз ете салу оңай шаруа емес. Айтуға оңай болғанымен, табандылық пен орасан қажыр-қайратты жұмылдыратын қыруар жұмыстары бар. Соның бәрін еңсеріп, қалыптасу кезеңінен өткен университет ширек ғасырда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр.

Әсіресе, соңғы он жылда ректор Ерлан Сыдықовтың басшылығымен қарқынды дамып келеді. Атын Қазақстан көлемінде ғана емес, әлемдік білім кеңістігінде де абыроймен танытуда. Соның бір айғағы – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ осы уақыт аралағында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді, әлемнің алдыңғы қатарлы 50 жоғары оқу орны рейтингіне кірді, жыл сайынғы жетістіктері жетіп артылады. Ширек ғасыр толған университеттің марапаттар тізімі мен сапа мойындауларын одан әрі жалғастыра беруге болады. Соңғылардың ішінде Халықаралық деңгейге ұмтылып, әлемнің ең беделді оқу орын­дарымен тығыз байланыстар орнатып, қазақ мемлекетін, қазақтың жауһарларын таныстыру бағытында да еңбектеніп жатыр. Мысалы, АҚШ, Англия, Венгрия, Қытай, Ресей университет­терімен байланыс орнатылды. Жүз жылға жуық тарихы бар Ар­мения университетінде, Әзербайжан университетінде Абай орталықтары ашылып, Венгрияның орталық саябағына Абай мүсіні қойылды. Мүсін авторы біздің сәулет-құрылыс факултетінің оқытушысы екені екі есе мақтаныш. Көптеген халықаралық кон­ферен­циялар өтіп жатады. Мұның сыртында халықаралық конференцияларға, мейлі ол шетелде немесе өзімізде өтсін, баяндамасы қабылданған ғалымдар мен оқытушы­лардың қатысуына кең жол ашылған.

Сондай-ақ елімізге келген шет мемлекет­тердің басшылары, халықаралық дәрежеде танылған ғалымдардың Еуразия уни­верситетіне арнайы соғып, студенттер алдында дәріс оқуы да жақсы дәстүрге айналды. Мысалы, Нобель сыйлығының лауреаттары да келіп дәріс оқығаны көпке аян. Ал университеттің өз ішінде нарықтық қағидалар енгізіліп, кафедра, факультеттерді, оқытушыларды ынталандыру мақсатында да үздік болуға ұмтылдыратын шаралар мен сыйлықтары бар.

Еуразия ұлттық университетінің Білім беру ісіндегі  беталысы жақсы. Назарбаев университеті секілді жаңа заманауи оқу орын­дары мен ғылыми орталықтар ашылып, жастарымыз ғылымға қарай бет бұрып жатыр.


Жаңа жобаларым жоқ емес, солардың бірі қазақ архитектурасын дамытуға бағытталған – «Oitek» архитектурасы. Бұл жоба ЕҰУ студенттері –

өз шәкірттерімнің қатысуымен жүзеге асырылуда.

«Oitek» дегеніміз не? «Oitek» - ойдың тектілігі деген сөзден шыққан, ақыл, парасат, сана – бұл стильдің түйін сөздері. Ұлттық стиль негізінен  қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды: жастар арасындағы ажырасу санын азайту, жетімдер мен қарттар үйін болдырмау.

Жүйенің негізгі концепциясы - үш ұрпаққа арналған тұрғын үйдің жобасын құру, тұрғын үйдің фунционалдық аймақтануын қазақи бағытта жасау. Бұл жобада  мен  ғана емес, сәулет-құрылыс факултетінің төртінші курс студенттері Амангельдина Данель,  Әділбекова  Гүлім,  Мырзахан Әйгерім,  Дәулетова Ақерке, тағы басқа  да шәкірттерім бар.

«Oitek» архитектурасы өз бастауын киіз үй құрылымдарынан алады. «Oitek»  архитектурасындағы ғимараттар, кешенді жұмыстар, идеология, салт-дәстүр, қоғамдық, әлеуметтік мәдениет, тарихи мәні бар рухани құндылықтар ұлттық сана тұрғысынан қарастырылады. «Oitek» архитектурасының ұстанатын маңызды бағыттары архитектурада жаңа бағыт болғандықтан үлкен еңбекті қажет етеді. Алайда, ата-баба рухын бойына сіңірген жас ұрпақ, болашақ жастар үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасайтын боламыз.

Гүлниса МЕРКЕБАЕВА, сәулет-құрылыс факультетінің 4 курс студенті:

– ЕҰУ-ға түсуді мектепте жүргенде ойлап, болашақ мамандығымды  сәулет өнерімен байланыстырғым келетін. Мұнда еліміздің Елтаңба авторы  Жандарбек Мәлібекұлының дәріс беретіні мені одан сайын қуантып қойды. Жолым болды, армандар орындалады деген рас екен. Оқуға түскендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын.

Уақыт – жүйрік, төрт жыл да зуылдап өте шықты. ЕҰУ-да көптеген тәжірибе жинадым. Кафедрамызда өте білікті мамандар жұмыс істейді. Тек қана сапалы білім беріп қана қоймай, әрдайым даму үшін бізді қолдап, әр түрлі конкурстарға қатысуға ұсыныстар жасайды. Жыл сайын танымал халықаралық конкурстарға білікті мамандардың жетекшілігімен қатысып келеміз және жаңа жобалар жасауда әрдайым қолдау табамыз.

Сол жобалардың бірі Қазақстан Республикасының Елтаңба авторы  Жандарбек Мәлібекұлының бастауымен қолға алынған «Oitek»  жобасы.

Ұлттық стильді зерттей келе, бұл стильде жұмыс жасау бізге бір жаңалық болды: бір жағынан қызықтырса, екінші жағынан қобалжытады. Өйткені, «Жұмысымызды жұрт қалай қабылдар екен?», «Ел не дейді?»,  «Адамдардың реакциясы  қандай болады?» деген сан-сауалдар маза бермейді. Қанша адам болса, сонша пікір бар: біреулері бізді қолдаса, біреулері бізді тыңдамайтын шығар, ал кейбіреулері, тіпті түсінбеуі де мүмкін. Бірақ осының бәріне қарамастан, біз әуел бастан-ақ қандай қадам жасайтынымызды білдік, алға қойған мақсатымыздан тайынбадық және соңына дейін жұмыс жасаймыз деген ойдамыз.

Егеменді еліміздің ертеңі – жастардың жан-жақты дамыған, тәлім-тәрбиелік іс-әрекет білім тереңдігімен өлшенеді. Білімді ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Халқымыздың ғасырлар бойы өмір сынынан өтіп келген ұрпақ тәрбиесі, жинақталған тағлымы, тәлім-тәрбиелік үлгілері және мәдениет пен өнерді бағалау, мәдени мінез-құлықтарының қалыптасуы рухани құндылықтар арқылы берілетіні дәлелденді.


Бұл мәселенің дұрыс жолға қойылмауы нәтижесінде жастардың тәрбиелік мәні төмен жат елдік туындыларға еліктеушілік, рухани кедейшілікке әкеліп соғады. Біз ұсынып отырған жобамыз арқылы қазақ архитектурасын бөлек,  заманауи стиль ретінде көрсетуге болатынын дәлелдедік деп ойлаймыз.

Бұл жобаның мақсаты – тек қазақ архитектурасын таныстыру емес, сонымен бірге қазақ жастарының патриоттық сезімін ояту, салт-дәстүрлерімізді, тарихымызды, тілімізді, дінімізді архитектура арқылы насихаттап, философиялық білім ретінде болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру. Жас қазақ архитектурасының авангардисттері ретінде, осы стильді басқа да жобалар аясында  қолданып, дамытуды мақсат етеміз. Ең бірінші қазақ халқына, кейін халықаралық архитекторлар қауымдастығына қазақ архитектурасының ұлттық ерекшеліктерін және оның бай әрі терең тәрбиелік мәнін дәлелдеп шығу біздің  арманымыз әрі мақсатымыз.

Міне, өзімнің бала күннен армандап түскен оқу орным – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 25 жыл толып отыр. Бұл мерейлі тойдың біз университет қабырғасында оқып жүргенде тойлануы екі есе қуаныш әрі бақыт. Ендеше, біздің бұл  жобамыз сүйікті университетіміздің тойына тарту десек те болады.

Рекомендовать
Последние новости