Жансейіт Түймебаев Түркістанның жаңа тарихының іргетасын құюда

Dalanews 22 дек. 2018 09:05 808

Түркістанды түлетуге, жалпы облыс экономикасын көтеру жолында Жансейіт Түймебаевтың атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз.

Ол кісі бүгінде Елбасының ұлы идеясын жүзеге асыру үшін Түркістанның жаңа тарихының іргетасын құюда. Мұны біз бүгін айтпағанымызбен, ертең бәрібір айтылады. Бірақ, айтпағымыз бұл емес. Айтпағымыз...
Кешегі аптада Түркістанда ұлы оқиға орын алды деп алаулатып-жалаулатпай-ақ қояйық, бірақ адамның іші ерекше жылитын бір оқиға болды. Көзі тірі ақын-жазушыны кез келген әкім қабылдайды ғой, Түймебаев ХХ ғасырда қазақ рухани әлемінің жарқын өкілдері болған Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовтің отбасы мүшелерін қабылдады. Нақтырақ айтқанда ұлы Тәкеннің зайыбы Есімкүл апай мен ұлы Асқардың ұлы Әлішер Сүлейменов Түймебаевтың қабылдауында болып, бүгінгі қазақ әдебиетінің хал күйі, Түркістанның бүгіні мен келешегі туралы келелі ойларын ортаға салысты.
Жасыратыны жоқ, бүгінгідей әдебиеттен алыстап бара жатқан уақытта биліктің Тәкен мен Асқарды іздеуі көңілге кәдімгідей үміт ұялатады. Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменов рухани айналысқа толық түскен күні бүгінгі қазақтың эстетикалық әлемі әлі талай ұлтқа үлгі болады. Әкім Түймебаевтың әрекетінен өз басым осы сырды ұққандай болдым.
Жалпы, Есімкүл Әлімқұлова біздің журналистер әлі ашпаған кейіпкерлердің бірі. Жаңылыспасам тұңғыш рет 1978 жылы әлде 1979 жылы Қазақстан Жазушылар одағында, Тәкен Әлімқұловтың алпыс жылдығында көрген едім. Қасында сол кезде бес жасар Рауан деген ұлы болды. Үстінде мерекелерге арнап барынша сәнмен тігілген қара барқыт көйлек... Өте салтанатты көрінген. Әрине, ол кезде сөйлеген жоқ.
Есімкүл апаймен 2015 жылы телефонда тілдестім. Менің Тәкен Әлімқұлов туралы жазған бір дүниемді сайттан оқыған екен. Соған байланысты телефонымды іздеп жүріп тауып, қоңырау шалыпты. Әрбір әңгімесінен нағыз зиялының жары екендігі аңғарылады.
Міне, Түркістанды Түркістан қылатын осындай әрекеттер! Бүгінде диқан мақтасын әкімсіз де егеді, шопан қорасындағы малын өзі үшін қоңды қылуға тырысады, құрылысшы салған ғимаратын өзі үшін сапалы етіп салады. Себебі, бәсекенің заманы. Ал, руханият өте нәзік дүние. Руханиятта сәл нәрседен қателессеңіз, ол ұлтты рухани апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан да бүгінгі әкімдерге руханияттың өтінде жүрмесе болмайды. Жансейіт Түймебаевтың алаштың баласының көңіліне үміт сыйлайтыны да содан шығар.

Абай Балажан


Фейсбук парақшасынан


 

Рекомендовать
Последние новости