Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша биология пәнін тиімді меңгерту әдістері

Dalanews 14 янв. 2022 03:38 1969

Бүгінде әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция  технологиялық, экономикалық  салалардан бастап  дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуда. Соған сәйкес білім саласында да түбегейлі өзгерістер пайда болып, жаңартылған білім бағдарламасы қабылданып, білім беру ісіне де жаңалықтар ене бастады.

Аталған мақаламызға арқау болып отырған биологияны заман  талабына сай оқыту  – бүгінгі күні де аса өзекті мәселенің бірі. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты - білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылса, біздің пәніміздегі мақсатымыз да білімді шығармашылық тұрғыдан беру арқылы  репродуктивт, проблемалық -ізденушілік әдістерді пайдалана отырып, білім алушыны ынталандыру.

Орта мектепте немесе колледждерде болсын биология пәнін оқыту барысында ескеретін жайт,  сабақта теориялық мәліметті беріп қана қоймай, оқушының өз бетінше жұмыс жасауына  көңіл бөлу керек. Осы тұрғыда өз тәжірибемде қолданып жүрген іскерлік,  танымдық ойындар мен  конференция сабақ, пресс- конференция, саяхат сабақ,  интеграциялық сабақ  ертегі, аукцион, жарыс сабақтары, викторина, және брейнсторминг сабақтары тиімді деп айтар едім. Мұндай сабақта білім алушы өз әрекетін өзі толығынан басқарып,  ұйымдастыру, іздену тұрғысында өтеді.

Сабақтың тиімділігін арттырудың маңызды бір жолы – сабақтағы атқарылатын жұмыс түрлерінің сан алуандығы.Биологияны меңгертуде бұрыннан келе жатқан мынадай ұтымды әдістер бар. Олар:

1) практика, яғни тәжірибелік;

2) көрнекілік;

3)  әңгімелесу:

4) көрнекілік: оқулық,  техникалық құралдар, т.б.

Әрине, сабақтың мақсаты мен мазмұнына қарай бұлардың ыңғайлысын ұстаз өзі таңдап алады. Дұрыс таңдалған әдіс  жоғары сапалы білім негізін салады.

Көрнекілік әдіс биологияның барлық тақырыптарында  қолданылады. Себебі, биология пәнінде оқутышы өзі айтып тұрған мәселені тек баяндап қана қоймай, оны көрсеткенде ғана білім алушының есінде сақталуы жоғары болады. Сонымен қатар,  көрнекілікке жататын  тірі объект, кино, кестелерге қарап білім алушы қорытынды жасап, қайталайды. Көрнекілік әдісті қолдану оушының белсенділігін, ойлауын арттырады.

Биология пәніндегі көрнекіліктер табиғи және суреттеме болып екіге бөлінеді. Табиғи объектілерді демонстрациялау биологияны оқытуда  өте маңызды. Мұнда өсімдіктер мен  жануарларды тірі күйінде көрсетеді, өсімдіктану, тіршіліктану сабақтарында демонстрациялайды. Табиғи көрнекіліктерге кішкене  құстар мен тордағы кішкене  сүтқоректілер, банкада аузы жабылған ұсақ жануарларды әкеліп көрсетуге болады.

Сонымен қатар,  төмендегідей жұмыс түрлерін қолдану қажет: эксперименттік жұмыс, ойын, дереккөздерден қажетті ақпаратты таңдау (мысалы, генетикалық түрлендірілген өнімдердің әсері, адамды клондау, органдарды трансплантациялау), талдау жүргізу, алынған ақпаратты салыстыру және шынайы бағасын ұсыну;биология саласындағы түрлі мәселелерді зерттеуге бағдарланған эксперимент құрастыру және өткізу (мысалы, Қазақстанның экологиялық мәселелері);биологиялық үдерістер мен табиғи құбылыстарды ұғыну, түсіндіру және болжау үшін модельдеудің түрлі тәсілдерін қолдану. т.б.

Жаңартылған білім бағдарламасына қойылатын басты талаптардың бірі -  оқушылардың, білім алушылардың бүкіладамзаттық, ұлттық, патриоттық сезімдерін арттыру, туған жерге деген құрметін, экологиялық сауаттылығын қалыптастыру. Осы мақсатта біз білім ғана беріп қоймай, тәрбие ісін де назардан тыс қалдырмаймыз. Биология пәні аясында мынадай міндеттер қойылады:

  • туған өлкенің табиғатын, яғни , сирек аңдар мен өсімдіктер, балықтар, табиғи ескерткіштерді қорғау;

  • туған өлкені көгалдандыру;

  • туған өлкенің табиғатын байыту:  аңдарды жерсіндіру, өсімдіктерді көбейту;

  • туған өлкенің табиғатын зерттеу:  экскурсия (жылдың әр мезгілінде), тың мағлұматтар жинау (туған өлке бойынша), өлкетану, музей саябағын құру, т.б.


Биология пәнін меңгерте отырып, экологиялық білім берудің маңызы зор. Білімгерлер сабақ  барысында өндіріс орындарына  барып, олармен танысып, теориялық білімін практикамен ұштастыруы керек. Ол үшін  бала жастайынан қоршаған орта, жер, судың тазалығы, фауна мен флораны қорғау қажеттігін түсіну тиіс.

Қорыта айтқанда, биологияны оқыту үдерісінде ұстаз оқу материалының мазмұнын, биология кабинетінің оқу жабдығымен жабдықталуын, үлестірмелі материалдың болуын, оқушылардың жас ерекшеліктерін, олардың дайындық деңгейін ескеру қажет.

 

Галина Әбдиева Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің биология пәнінің оқытушысы,

Гүлнара Мұратбайқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ маманы.

 

Рекомендовать
Последние новости