Жамбыл облысындағы бір ауылда балалар әкімдік ғимаратында оқуға мәжбүр

Сағыныш Сардарова 04 нояб. 2025 09:29

Жамбыл облысына қарасты Күшаман ауылының балалары әкімдік ғимаратында оқып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "Седьмой канал" арнасына сілтеп.

Себебі екі қабатты бұрынғы білім ошағы апат жағдайында деп танылған. Енді ол сүріледі. Ал әзірге 120-дан аса оқушы мемлекеттік қызметшілер отыратын нысанды паналап жүр. Ол жерде балабақша, кітапхана және полиция бөлімшесі де орналасқан.

"Негізгі мектебіміз 2025 жылғы наурызда апат жағдайында деп танылып, содан осы жерге көшірілдік. Қорытындысы бойынша жарамсыз. Сол себептен бізді осы жаққа орналастырды. Қазір 123 оқушымыз бар, 20 тәрбиеленушіміз бар. Екі ауысымда 6 кабинетте оқып жатырмыз", - дейді мектеп директоры Нұржан Сәденов.

Ауылда жарамды жалғыз ғимарат - осы. Сол себепті бес мекеме бір шаңырақ астында. Яғни мектептен бөлек мұнда балабақша, кітапхана және полиция бөлімшесі бар. Ұстаздар болса, дәлізде сабаққа дайындалады.

Ауылда алдағы уақытта жаңа мектеп салынады. Жауаптылар оның жобасы дайын екенін жеткізді. Жоспар бойынша білім ошағының құрылысы екі жылда аяқталмақ.


Рекомендовать
Последние новости