2026 жылдан бастап кімдер көлік салығынан босатылады?

Ақтоты Жапатова 01 нояб. 2025 14:12

Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соның аясында көлік салығын төлеу тәртібі мен мөлшерінде өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көлік салығы – көлік құралын иеленгені үшін мемлекетке төленетін жыл сайынғы төлем. Егер автокөлік немесе есепке алынатын өзге де көлік құралы сіздің атыңызда тіркелген болса, онда сіз жыл сайын осы салықты төлеуге міндеттісіз.

Салықты көлік иесі өзі есептейді және төлемді есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу қажет. Салық көлік тіркелген күннен бастап, ол есептен алынған күнге дейін есептеледі.

Көлік салығы қалай есептеледі?

Салық мөлшері көліктің:

  • түріне,
  • қозғалтқыш көлеміне немесе қуатына,
  • жүк көтергіштігі мен орын санына байланысты анықталады.

2026 жылдан бастап қандай өзгерістер болады?

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 2026 жылдан бастап көлік салығы көліктің пайдалану мерзіміне қарай түзеткіш коэффициенттермен есептеледі:

  • 10 жылдан 20 жылға дейін пайдаланылған көліктер үшін — 0,7 коэффициенті;
  • 20 жылдан асқан көліктер үшін — 0,5 коэффициенті қолданылады.

Яғни, көлік неғұрлым ескі болса — соғұрлым салық мөлшері азаяды.

Кімдер көлік салығынан босатылады?

Бір автокөлікке қатысты төмендегі азаматтар көлік салығынан босатылады:

  • соғыс және еңбек ардагерлері;
  • «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлері;
  • «Отан» орденінің кавалерлері;
  • көп балалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа»);
  • мүгедектігі бар адамдар.

Алайда жеңіл автокөліктің қозғалтқыш көлемі 4000 текше см-ден жоғары және ол 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін қайта рәсімделген болса, бұл жеңілдік қолданылмайды.

Еске салайық, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салық төлеу тәртібіне және берешекті өндіру шараларына елеулі өзгерістер енгізеді.


Рекомендовать
Последние новости