Жамбыл облысы мен Иранның байланысы

Dalanews 20 апр. 2017 06:01 1010

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестицияларды тарту, өнеркәсіпті әртараптандыру және басқа елдермен әріптестік байланысты нығайту туралы тапсырмасын іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Иран Ислам Республикасының Гилян провинциясында жұмыс сапарымен болды.

Іс-сапар барысында аймақ басшысы Гилян провинцияссының М.Наджафимен кездесіп, өңірлер арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда-экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайту бойынша әңгімелесті. Сондай-ақ, басқосуда кәсіпкерлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Үш күндік жұмыс сапары кезінде жамбылдық делегация Рәшт қаласындағы Шәһид Әнсари атындағы кәсіптік-техникалық оқуорталығы мен Әнзәли еркін сауда-өнер кәсіпаймағы мен айлағының жұмысымен танысып, сондай-ақ, Уылдырықты балық институтының жұмысын көзбен көрді.

Жалпы экономикалық талдау көрсеткендей, Жамбыл облысының Иран Ислам Республикасымен тауар айналымы 2016 жылы 919 мың АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7 еседен астам ұлғайды. Ал, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 802,5 мың АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 780,7 мың АҚШ долларын, импорт 21,8 мың АҚШ долларын құрады.
Негізі Жамбыл облысы арқылы Иранға пияз, кептірілген жасымық пен бидай экспортталса, Әулиеатаға Ираннан құрма, құрылыста пайдаланатын заттар, резеңке бұйымдары, тоқыма материалдары, шыны ыдыстар, қара металлдан әзірленген бұйымдар, радиаторлар, электршамдар және басқа халық тұтынатын тауарлар импортталған.

Иран Ислам Республикасының Гилян провинциясына жұмыс сапарымен барған делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері, басқарма, жоғары оқу орны мен бірқатар ірі, орта кәсіпорындар, шаруа қожалықтардың басшылары және Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері бар.

Рекомендовать
Последние новости