«Жалған кәсіпкерлік» туралы баптың күшін жою бизнеске не берді?

Dalanews 01 июн. 2023 03:00 1331

Адал кәсіпкерлер – ел экономикасының тірегі. Өйткені басты жұмыс беруші де, ел бюджетіне салық төлеп, ел қазынасын еселеп отырған да, кіші болса да, кәсіп ашып отырған осы кәсіпкерлер. Сондықтан да кәсібін адал жүргізген бизнесті қолдау қашанда аса маңызды.

Осы орайда «жалған кәсіпкерлік» бабына қатысты оқиға еске түседі. Бір күндік жалған фирмалардың кесірінен көптеген адал кәсіпкерлер зардап шегіп, жалған кәсіпкерлермен бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны есте болар.

Тек 2016 жылы ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Жалған кәсіпкерлік» бабы бойынша зардап шеккен кәсіпкерлерден 150-ден астам шағым түскен. Жалған кәсіпорындармен мәміле жасасқан кәсіпкерлер барлық өңірде жаппай қылмыстық процеске тартылып жатты.

Қылмыстық кодекстің 215-бабына қатысты даудың басы осы мәселе болатын, өйткені ол жалған кәсіпорындардың контрагенттеріне кері әсерін тигізді. Себебі жалған кәсіпорындардың құрылтайшылары қылмыстық жауапкершіліктен айыппұл төлеумен құтылып, ал адал кәсіпкерлер зардап шекті.

Бизнесін адал жүргізіп, біреудің кесірінен қиындық тартқан кәсіпкерлердің құқығын қорғауды Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап мықтап қолға алған болатын.


Осылайша, сол жылдары «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы болған Тимур Құлыбаев 2016 жылы Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік туралы бапты алып тастауды талап ететінін  әртүрлі деңгейде ашық мәлімдеген болатын. Әйтсе де бұл оңайға түсе қоймағаны есте. Бір ғана атышулы 215-ші бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауға 2 жылға жуық уақыт кеткен.

Біріншіден, жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша қылмыстық процесс барысында зерттеудің объективтілігі мен толықтығы бөлігінде заңнама талаптары сақталмайтыны алға тартылды. Нәтижесінде адал кәсіпкерлер қосымша салық төлеп, сонымен қатар оларға айыппұл салынып, оған қоса өсімпұл өндіріліп алынған.

Екіншіден, 2014 жылдан бастап жалған кәсіпкерлікпен айналысқан заңды тұлғаларды тіркеуден шығару тәжірибесі қалыптасты. Олардың контрагенттермен арадағы барлық мәмілелері жарамсыз деп танылған болатын. Нәтижесінде, соңғыларына қосымша салық сомалары мен айыппұлдар жазылып келген. Қылмыстық қудалау, сондай-ақ «жоспардан тыс» тексеру артып,  бизнеске қысым жасаудың бірден-бір құралына айналған.

Қылмыстық процесс барысында жалған кәсіпорындардың контрагенттермен жасаған нақты жалған мәмілелерін дәлелдеу және сот үкімінде көрсету заңнама шеңберінде талап етілді. Бірақ іс жүзінде бұл талаптар тиісті түрде орындалмады.

Қылмыстық істерді тергеу кезінде көбіне барлық мәмілелер шынайы жасалды ма, жоқ па, оны ешкім зерттей қоймады. Нәтижесінде, қылмыстық процесс барысында жалған мәміле жасасқаны зерттелмеген және дәлелденбеген адал кәсіпкерлер автоматты түрде кінәлі деп  танылып, салық пен айыппұл арқалап, одан қалды өсімпұл төлеп, негізсіз шығын көтеруге мәжбүр болған.


2017 жылғы 7 маусымда  Парламент Мәжілісі  мақұлдаған шешім бірнеше жылға созылған осындай айтыс-тартысты тоқтатқан болатын. Осылайша, ҚР Қылмыстық кодексінің 215-бабын алып тастайтын заңнамалық түзетулер мақұлданған еді.

Нәтижесінде, кәсіпкерлер жылдар бойы күткен заңнамалық түзету енгізіліп, атышулы «Жалған кәсіпкерлік» бабының алынып тасталуы барша адал кәсіпкер атаулы үшін тарихи сәт болғаны сөзсіз.

Бұл бизнес қауымдастық үшін шынымен де үлкен жетістік болды. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер 2017 жылдың 13 шілдесінде заңды түрде күшіне енді.

Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстанда алғаш рет жалған кәсіпкерлік туралы қылмыстық іс бизнестің пайдасына шешілген болатын. Нәтижесінде жанар-жағармай сататын әрі сатып алатын 101 компания орасан зор шығыннан құтылған еді.  Егер де іс осы 101 компанияның пайдасына шешілмеген жағдайда, олардың тартар залалының ауқымы қандай болатынын ойлап көріңізші!

Бұл оқиғаның тарихы неден басталды? Осы кәсіпкерлердің барлығы 2012-2013 жылдары Алматыдағы «Alma Оil Еnergy» ЖШС-нен жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай сатып алып келген. Жанармай сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында тарату үшін сатып алынып, оператор ҚР Мұнай және газ министрлігі арқылы бекітілген.

Бастапқыда бәрі ойдағыдай басталып, әр компания өз жұмысын атқарып, жеткізілімдер жүзеге асырылып келген. Бірақ 2015 жылдың желтоқсанында сот «Alma Оil Еnergy» ЖШС және алматылық Евгений Минаков құрған тағы екі компанияны – жалған кәсіпорындар деп таныған. Ал директордың өзін қылмыс жасағаны үшін, яғни жалған кәсіпкерлік құрғаны үшін кінәлі деп тану туралы үкім шығарады. Бірақ ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, тек 9,9 миллион теңге айыппұл төлеумен шектелген.

Міне,  осы кезде қызықтың көкесі басталған, былайша айтқанда контрагенттер бірінен соң бірі жауапқа тартыла бастаған. «Alma Оil Еnergy»  және Минаковтың тағы екі фирмасымен істес болған контрагенттерге Мемлекеттік кірістер комитеті елеулі салық есептелгені туралы хабарлама жібереді.

Ақыры басы бәлеге қалған адал кәсіпкерлер мемлекеттік қазынаға 2 миллиард теңгеден астам сомадағы барлық салықты төлеген. Басқаша айтқанда, кәсіпкерлер екінші рет салық төлеуге мәжбүр болған. Аталмыш соманы төлеу кез келген кәсіпкерге де қаншалықты ауыр болғаны айтпаса да түсінікті. 


Өз кезегінде бұл облысты сол кезде жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отырған барлық кәсіпкерлік субъектілердің қызметін бір мезетте тоқтатуға, ал шоттардың бұғатталуы өңірдегі көлік коллапсына, тіпті әлеуметтік шиеленістің туындауына әкеп соғарын айтудың өзі артық.

Мәселені одан әрі ушықтырмау үшін сол кезде «Атамекен» Ұлттық палатасы, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, Бас прокурор үкімнің күшін жоюға барын салғаны есте. Нәтижесінде қылмыстық іс сотқа қайта қарауға жіберіліп,  бұл іс тоқтатылған.

Міне, бір ғана «Жалған кәсіпкерлік туралы» баптың айналасында осыншама іс атқарылып, баптың заңнан алып тасталуы адал бизнеске еркін тыныс алуға мүмкіндік берген істің бірі!

Рекомендовать
Последние новости