Жәкішев өзін қолдаған халықпен неге кездеспеді?

Dalanews 19 мар. 2020 11:06 954

Бүгін «Қазатомөндіріс» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. Оның бостандыққа шыққанына бірінші кезекте қарапайым халық қатты қуанғанына куә болдық.


Әлеуметтік желіден Мұхтар Жәкішевпен қауышу үшін түзеу мекемесінің алдына еліміздің түкпір-түкпірінен қарапайым азаматтар мен қоғам белсенділері жиналғанын көрдік. Несін айтасыз, халық қуанышында шек болған жоқ.

Жәкішев түрмеден шыққанда көлікті тоқтатып, жиналған қауымға алғысын айттып, олардың қолын алып ықылас танытты. Жиналған қауым қазақ тілінде «Мұхтар жасасын!» деп ұрандатқанын да естідік.



Жәкішев түрмеден шыққан бетте халықтың өзіне деген ықыласын көріп, ерекше толқығаны анық. Ол алдын кес-кестей берген жұбайына қарамастан өзін қолдап келген қарапайым азаматтардың қолын алды.
Мұхтар Жәкішев бір-екі минут аялдағаннан кейін көлікке мініп, кетіп қалды. Бұдан кейін біздер Мұхтар Жәкішев қандайда бір мейрамханада қолдаушыларының басын қосып, бір дастархан басында пікірлесетін шығар деп ойладық. Кездесудегі фотоны азаматтық белсенділер әлеуметтік желіге жүктейтін шығар деген үмітпен желіні ақтарып, таба алмадық. Бірақ басқа фото табылды.


Жоғарыдағы фотода бір ғимаратта жағдайы келіскен Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов, Райымбек Баталов бастаған кәсіпкерлер Жәкішевты қарсы алған фотосын көрдік.


Түрме алдында Жәкішевты бір-екі сағат бойы күткен халықтың бірі де жоқ. Бұл жерде Жәкішевке кінә артайық деген ниетіміз жоқ. Енді ғана бостандыққа шыққан азамат алдағы уақытта халықпен бөлек кездесіп, алғысын айта жатар.


Жалпы Жәкішевтің бостандыққа шығуына кім әсер етті? Әрине халық. Халықтың талабы билікті иліктірді.


Керек десеңіз, күні кеше ғана мерт болған Дулат Ағаділдің қазасы Жәкішевтің түрмеден шығуына айрықша әсер еткені анық.


Алдағы уақытта осы жайтты ескеріп, Мұхтар Жәкішев Дулат Ағаділдің үйіне барып, көңіл айтуы тиіс деп есептейміз. Бұл Мұхтар Жәкішевтың басты азаматтық парызы болмақ.


Әрине, Мұхтар Жәкішевтің достарымен қауышуына толықтай қақысы бар. Бірақ суреттегі азаматтардың бәрі еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып жүрген танымал кәсіпкерлер екенін білеміз. Олар Жәкішевті босату үшін қолдан келген көмегін аямағанын да білеміз.


Бірақ олар азаматтық позициясын айқындап, қарапайым халықпен бірге иықтасып тұрып, достарын түрменің алдында неге қарсы алмайды? Олар түрме алдынан келуден биліктен қорқа ма? Жоқ. Билік оларды мұндай әрекеті үшін түк те істемесі анық.


Олар қарапайым азаматтармен бірге бір сағат бойы түзеу мекемесіне алдында тұрса, табандарынан сыз өтіп ауырып қала ма? Жоқ ауырмайды. Біздің бизнесмен, демократ деген көптеген азаматтар халықтың арасына келуден қорқады.



Көз алдығызға елестетіңізші, Смағұлов, Баталов, Байтасов халықпен мидай араласса қандай әдемі көрініс болар еді. Бірақ олар достарын жайлы қонақ үйде алаңсыз, мол дастарханның басында күтіп алғанды жөн санады.


Олар осы әрекетімен халық пен Жәкішевтің арасында енді орнап келе жатқан жылы қатынасқа... сызат түсіріп алғандарында аңғармады.


Есіңізде шығар, Ғалымжан Жақиянов түрмеден босап Алматыға келгенде темір жол вокзалында халық Ғалымжанның құшағын гүлге толтырып тастады емес пе?


Семейде осындай жағдайға куә боламыз деп үміттенген едік. Бірақ еліміздің апайтөс кәсіпкерлері Жәкішевті халықтан бөлектеп алып кеткені көңілге кірбің ұялатқанын жасырып қайтеміз?


Нұрлан ЖҰМАХАН


Рекомендовать
Последние новости