ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов Түркістан облысының полиция қызметімен танысты

Қаракөз Амантай 15 янв. 2025 16:35 441

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, Полиция департаментінің жеке құрамымен жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында ведомствоның 2024 жылғы қызметінің қорытындылары талқыланды.

Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.

Сәкен Сәрсенов бірқатар кемшілікке назар аударып, берілген тапсырмалар мен міндеттерді уақытылы орындаудың маңызын атап өтті. Жетекшілік қызметтегі кейбір тұлғаларға қатысты шаралар қабылданғаны хабарланды. Сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.


Сапар аясында ІІМ орынбасары жедел басқару орталығының цифрлық шешімдерін тексеріп, облыстағы бейнебақылау камераларының жұмысымен танысты. Осы тұста ол департаменттің заманауи цифрлық технологияларды қолдану нәтижелеріне жоғары баға берді. Оған Түркістан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек пен Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары С.Байғұтов қатысты.

Жұмыс сапары облыс әкімдігінде жалғасып, ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов облыс әкімі Н.Көшеровпен кездесті. Сондай-ақ әкім аппаратының жетекшісі Е.Дәуілбаевпен және Цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы М.Айнабековпен кездесу өткізді.

“Цифрландыру – қазіргі кезеңдегі ауқымды реформа. Полицияның күнделікті қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану – Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына қойған басты міндеттерінің бірі”, – деп атап өтті Сәкен Сәрсенов.


Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен жұмыс жоспарын талқылады.


Рекомендовать
Последние новости