Ыдырысовқа қысым жасалған жоқ

Dalanews 04 янв. 2017 14:09 773

«Radiotochka» сайтының бас редакторы Бекжан Ыдырысовқа құқық қорғау органдары тарабынан қысым жасалған жоқ. Бұл жайында Астана қалалық прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желіде «Radiotochka» сайтының бас редакторы Б.Ыдырысовқа тергеу органдары тарабынан қысым жасалды деп тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын хабарлаймыз», - делінген қалалық прокуратураның ҚазАқпараттың ресми сауалына орай берген жауабында.

Ведомствоның атап өтуінше, тергеу органдары Б.Ыдырысовты Б.Ғабдуллинге қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде ҚР ҚК 420 және 421 баптарын сақтай отырып тергеген және жалған куәлік бергені әрі куәлік беруден бас тартқаны үшін жауапкершілік бар екендігін ескерткен.

Б.Ыдырысовқа қатысты құқық қорғау органдары тарабынан қылмыстық қудалау болған жоқ және оған іздеу жарияланбаған да.

Айта кетейік, Radiotochka.kz сайтының бас редакторы Бекжан Ыдырысов өзінің Фейсбуктегі парақшасында CentralAsiaMonitor бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллиннің ісіне байланысты тергеу органдары өзіне қысым жасағандығын, сондықтан Қазақстаннан кеткендігін жазған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 қарашасында Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен Бигелді Ғабдуллин тұтқынға алынды. Ол өз құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік орган жетекшілерінің іскерлік абыройына нұқсан келетін материалдарды жариялау арқылы оларға ақпараттық шабуыл жасаған.

Алдағы уақытта сынауды тоқтату үшін Ғадбуллин лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстар талап еткен. Олар өз кезегінде Ғабдулиннің компаниясын қолпаштап, мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарттар бекітуді қамтамасыз еткен. Осыдан кейін ғана олардың қызметі туралы тек жағымды материалдар жарияланып отырған.

Мәселен, Жамбыл облысы әкімдігінен Ғабдуллин 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат бопсалаған. Дәл осы схемамен 7 мемлекеттік орган Ғабдуллинге мемлекеттік тапсырыс алып берген.

 

Рекомендовать
Последние новости