Францияда өткен той

Dalanews 13 нояб. 2015 09:01 1655

Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы биылғы айтулы іс-шаралардың негізі болғаны сөзсіз. Жыл басынан бері тағылымға толы көптеген іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды. Жастарымыз тамырын тереңге тартқан тарам-тарам тарихымыздан тағылым түйіп, ел болып ұйысудың маңызын түсіне түскені анық. Таяуда Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойы ЮНЕСКО-ның Париж қаласында орналасқан штаб-пәтерінде жоғары деңгейде аталып өтті.


Айтулы шараның өтуіне  халықаралық «Конкорд» академиясы, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы мен халықаралық  «Адам капиталы институтының» ұйытқы болғанын айта кетуіміз керек. Шара барысында «Қазақ хандығына 550 жыл» тақырыбында ғылыми-көпшілік конференция болып, белсенді тарихшы мамандар баяндама жасап, француздарға қазақтардың көнеден келе жатқан халық екенін паш етті. Жиын барысын халықаралық «Конкорд» академиясының президенті Г.В.Томский мырза кіріспе сөзбен ашты. Қазақстанның Франциядағы елшілігінің  жауапты қызметкері, елшіліктің ЮНЕСКО-дағы  өкілі Сатыбалды Бұршақов бұл халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталды. Елшіліктің Париж қаласындағы консулы Ғабит Сыдықбеков  Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.


Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы Хайролла Ғабжалилов мұндай іс-шаралар еліміздің абырой-беделін көтеруге ықпал ететінін алға тартты. Ал шараға қатысқан қазақстандық майталман спортшы Ерлан Алшынбаев Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қазақ жастарының потриоттық сезімін оятатынын алға тартты.


Ерлан– Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының мемлекеттік деңгейде тойлануы жастар үшін тәрбиелік мәні зор үлкен іс-шара болды деп есептеймін. Сондай-ақ, барша қазақ баласы үшін маңызы зор іс-шараның өзге елдерде аталынып өтуі дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды бірлікке шақырып, Ұлы дала төсінде Мәңгілік ел құруға негіз болып отырғанын айтқым келеді. Франциядағы қазақ диаспоралары Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде тойлауы – олардың жүрек түкпірінде жатқан елге деген сағынышты оятқанын байқадым. Сондықтан айтулы мереке Тәуелсіз Қазақстанның бірлігін арттырып, іргесін бекемдей түсті деп есептеймін, – деп аптал азамат өзімен бірге ала барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптарын Франциядағы қазақтарға табыс етті.


Ал Францияның Пальма сыйлығының иегері, ҚР Бейбітшілік пен келісім сыйлығының лауреаты, құрметті профессор Альберт Фишлер Қазақстанның халықаралық беделі өсіп келе жатқандығына тоқталып,  Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен  әр үш жыл сайын Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының саммиті өтетіндігін үлгі аларлық оқиға ретінде атап өтті.


Конференцияның негізгі жұмыс бөлігінде  тарихшы-ғалым «Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омаров  «Қазақ өркениетінің дамуы мен қалыптасу тарихы», Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Кенже Торланбаева «Қазақ хандығының қалыптасу кезеңдері», «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының  президенті Хайролла Ғабжәлелов «Көне дәуірден бергі қазақ мемлекеттілігінің даму кезеңдері»,  халықаралық «Адам капиталы институтының» директоры Жанұзақ Әкім «Қазақтың этникалық тарихы» (40 томдығының) «Мәңгілік Ел» идеясын дамытудағы  рөлі», профессор  Григорий Томский «Еуропадағы ғұндар тарихы мен тәңіршілдік»,  республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаев «Қаңлы жазуы – Қазақ өркениетінің  дәлелі», Кенесары хан қорының директоры Мұхтархан Абаған «Қазақ хандығы  – қазақ халқының ХҮ-ХҮІ  ғасырларда қанат жайған ұлы мемлекеті», Ғабиден Жәкей «Жюль Верннің «Патшаның шабарманы» романындағы Кенесары хан образы», журналист-зерттеуші Ақмарал Еркінбаева «Қазақ хандығының құрылу кезеңдері» деген тақырыптарда  баяндамалар жасады.


 Қазақ тілінде жасалған баяндамалар синхронды түрде француз тіліне аударылып отырды. ЮНЕСКО жанында шығатын халықаралық  «Конкорд» журналының бір саны түгелдей Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осы конференция материалдарын жариялауға арналатын болды.  Француз басылымдарының  жазуына қарағанда жалпы  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып  ЮНЕСКО-да өткізілген конференция Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапарымен тұстас  аса маңызды іс-шара ретінде аталып өтілген.


"ҚмД" ақпарат


Рекомендовать
Последние новости