«Есік оқулары» тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мәселелеріне арналды

Dalanews 31 окт. 2023 11:27 1540

Таяуда «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Музей кеңістігінде тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау, зерттеу және пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы «IV Есік оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.   

Конференция  жұмысына Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, ҚХР елдерінен ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Конференцияны ашқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы қазіргі таңда музей-қорығында жасалып жатқан ғылыми жұмыстар барысына тоқталды.

Ғылыми конференцияның пленарлық отырысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Досбол Байқонақов, ҚХР Шаньси провинциясы Археологиялық зерттеу институтының профессоры Дин Ян, Астана музей дирекцияларының директор орынбасары профессор, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық лабораториясының директоры, ғалым-реставратор Қырым Алтынбеков сынды білікті ғалымдар мен зерттеушілер баяндамалар оқыды.

Шетелдік және отандық ғалымдар мен зерттеушілер археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау, пайдаланудың жолдарын далалық ізденістер бойынша зерттеген, анықтаған нысандарында қолданып жүрген заманауи технологиялары жайлы тың ойларын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.


Секциялық жұмыс барысында Қазақстанның археологиялық ескерткіштері: тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану жолдары; далалық ізденістер нәтижелері бойынша тарихи-мәдени мұра обьектілерін зерттеу және қорғаудың дәстүрлі әдістемесі, заманауи технология және музей ісінің мәселелері сынды тақырыптар қарастырылды.

Секциялық отырыстарда «Сулайман Тоо» тарихи-археологиялық музей кешенінің, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының, Ұлытау, Таңбалы, Ботай тарихи-мәдени музей-қорықтарының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, «Ұлы Дала Елі»  орталығының және бірқатар жоғары оқу орындары ғалымдары мен ғылыми зерттеу институттардың зерттеушілері баяндама жасады.

Тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғау әр азаматтың міндеті, сондықтан осы салада атқарылатын істер әрқашан өзекті, ендеше «Есік» музей-қорығында өткен Халықаралық конференцияның маңызыдылығы мен ғылымилығы да ерекше болды.

 

Рекомендовать
Последние новости