Аты аңызға айналған, әлемге мәлім кәсіпқой боксшы Теренс Кроуфорд спорттық мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде ол өзінің Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазіргі таңда WBO, WBC және WBA тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған америкалық былғары қолғап шебері шешімін қысқа да нұсқа жеткізді:
«Ұлы болу – енді дәлелдейтін ештеңе қалмады», – деп жазды ол.
Теренс Кроуфорд кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2008 жылдың 14 наурызында өткізді. Ал 2025 жылдың 13 қыркүйегінде мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы чемпиондық титулды сарапқа салып, айқын жеңіске жетті. Дәл осы жекпе-жек Кроуфордтың кәсіби рингтегі соңғы кездесуі болып қалды.
Мансабы барысында Кроуфорд 42 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 31-і мерзімінен бұрын аяқталған. Бұл көрсеткіштер оны заманауи бокстың ең мықты өкілдерінің біріне айналдырды.
Кроуфорд 2014 жылы WBO тұжырымы бойынша алғашқы чемпиондық белбеуін иеленсе, 2016 жылы WBC, ал 2017 жылы WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар ол IBF ұйымының да чемпиондық титулын жеңіп алған.
Айта кетерлігі, Теренс Кроуфорд — бокс тарихында төрт бірдей ірі ұйымның (WBO, WBC, WBA, IBF) чемпиондық белбеуін иеленген алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды.
