Энергетика министрінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы бұйрығымен тауар биржаларынан тыс ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде аталған тауардың көтерме саудада өткізудің шекті бағасын бекітті. Оған сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 маусымға дейін осыған дейін қолданылып келген баға сақталатын болды, деп жазады Dalanews.kz.
"Қазақстан Республикасының ішкі нарығына тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңге қосылған құн салығын есептемегенде 1 тоннасына 45 158 теңге мөлшерінде шекті баға бекітілсін", делінген құжатта.
Бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Айта кетсек, сұйытылған газдың көрсетілген бағасы Қазақстанда 2024 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін белгіленген болатын. Ал оған дейін газдың 1 тоннасының құны 40 320 теңге болған. Жалпы, Энергетика министрлігі бұған дейін сұйытылған газдың бағасын көтеруді ұсынып келген. Оған қатысты министрлік біздегі баға көршілес мемлекеттермен салыстырғанда ең төмен екенін айтып, уәж келтірген.